присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Сейділда Байшақов өмірден өтті

12 шілде 2023 15:55
Сейділда Байшақов өмірден өтті

Бүгін 73 жасына қараған шағында белгілі футболшы Сейділда Байшақов өмірден өтті.

Сейділда Икрамұлы 1950 жылы 28 тамызда Тараз қаласында туған.

1968 жылы «Энергетик» клубында ойнады. 1969 жылы Қазақ КСР чемпионатында тұңғыш рет алаңға шықты. 28 сәуірде Павлодардың «Трактор» командасымен матчқа қатысты.

1971 жылы Алматының «Қайрат» клубына ауысты. 27 наурызда Ворошилов қаласының «Заря» клубына қарсы КСРО кубогында тұңғыш рет «қайраттықтардың» қақпасын қорғады. Осы ойыннан 12 күн өткен соң Ленинградтың «Зенит» командасына қарсы ойында тұңғыш рет КСРО чемпионатының жоғары лигасында алаңға шықты. Маусым біткенше 29 матчта алаңға шықты.

Тұңғыш голын 1972 жылы 2 тамызда СКА (Дондағы Ростов) қақпасына салды. Бұл ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Ұзамай клубтың капитаны болып тағайындалды. Байшақов «Қайраттың» капитаны болып мансабын аяқтағанша атқарды.

1977 жылы КСРО құрамасы сапында екі ойында алаңға шықты. Тұңғыш ойынын 30 сәуірде Венгрияға қарсы өткізді. Одан кейін 10 мамырда Грекия құрамасымен ойнады. Екі матчта да Сейілда Байшақов 90 минутты толық ойнады.

Бірақ бұдан кейін құрамаға қайта шақырылмады.

Сейділда Байшақов «Қайрат» сапындағы ең соңғы ойынын 1981 жылы 4 сәуірде «Таврияға» қарсы өткізді. Бұл ойында есеп ашылмады. Соңғы голын сол жылы 26 наурызда Мәскеудің «Торпедо» клубының қақпасына салды. Бұл оның КСРО чемпионаттарындағы 11-голы болды.

Футболмен қоштасқан соң келесі жылы «Қайраттың» бас жаттықтырушысы Беца Йожефтің көмекшісі қызметіне тағайындалды. Бұл қызметті 1988 жылға дейін атқарды.

2007 – 2016 жылдар аралығында Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті болды. Одан кейін федерацияның президенті қызметін атқарды.

Сейділда Икрамұлы 2020 жылы президенттің жарлығымен «Парасат» орденімен, «Қазақстан Республикасының 25 жылы» мерейтойлық медалімен марапатталған.  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру