Түркістан облысының кәсіпкерлері өңірдегі проблемаларды атады
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында түрлі салалардағы жергілікті бизнес өкілдерімен кездесіп, олардың ұсыныстары мен өзекті мәселелерін назарға алды.
Кездесуге 20-ға жуық кәсіпкер қатысты. Атап айтқанда, шаруалар «ГосАгро» субсидиялау жүйесінің кемшілігі, несиелендіру бойынша қиындықтар, суармалы егіншілікке қажетті судың тапшылығы мен жер телімдеріне қатысты мәселелерді көтерді. Сондай-ақ кәсіпкерлер өнеркәсіп жобаларын лизингтік қаржыландыру жүйесіне қатысты наразылықтарын білдіріп, партия басшысынан ауыл-аймақта орын алған күрделі жағдайдың тиімді шешіміне ықпал етуін сұрады.
Жетісай ауданы бойынша Мақта өсірушілер қауымдастығының төрайымы Байтанаева Набаткүл мақта дақылын өсірумен айналысатын диқандардың жанайқайын жеткізді.
«ЕГИСС жүйесінде техникалық проблемалар бар. Отбасымызбен 5 га ғана жеріміз бар, бірақ егістік алқабының картасынан оны толық көре алмай отырмыз. Картада тек 1,5 га жерімізді көрсетеді. Салдарынан субсидияны өзімізге тиесілі мөлшерден аз аламыз. Жаңа жүйе толыққанды дұрыс жұмыс істемейді. Бірінші кезекте бізге минералды тыңайтқыштар керек. Егер тыңайтқыштарға субсидияны қазір алмасақ, кеш болып кетеді», – деді кәсіпкер.
Елімізде шағын, орта және ірі бизнес субъектілері үшін өңдеуші өнеркәсіп жобаларын қаржыландырудың бағдарламасы іске қосылған. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ бағдарламасы өңдеу өнеркәсібінің құрылымын одан әрі әртараптандыруға, қайта бөлудің жоғары деңгейдегі тауарларын өндіруді қолдау мен ынталандыруға бағытталған. Алайда кәсіпкерлер жоба аясында несие ала алмай отырғанын айтты.
«Жиһаз өндірумен айналысатын өндіріс орны ретінде жобамызға қаржыландыру ала алмай отырмыз. Кредит алу үшін Индустрияландыру картасына кіретін жобалар ғана қатыса алады. Ол тізімге ену үшін жаңа өндіріс орны керек. Біз 5 га жерде жиһаз шығарып отырып, ол тізімге ене алмай отырмыз», – деді «Grand miks» ЖШС директоры м.а Камалжан Юлдашев.
Ал «Согдиана» ЖШС директоры Дильдар Хабибова Түркістан облысында жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы аясында қызмет ететін балабақшаларда балалардың болу уақыты қысқарғанын айтты. Кәсіпкер білім саласы бойынша жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасын Оқу-ағарту министрлігіне беруді ұсынды. Себебі облыс әкімдігі қаржыны үнемдеу арқылы кәсіпкерлерге кесірін тигізіп жатқанын жеткізді.
«Тіркелген нормативтік-құқықтық актілер толығымен өзгертілген, қаржыландыруға жататын балалардың саны негізсіз азайды, түзету топтары алынып тасталды. Жан басына шаққандағы қаржыландыру сомасы азайды. Яғни балабақшадағы жұмыс уақыты 10,5 сағаттан 9 сағатқа дейін қысқарды. Түркістан облысының 14 ауданында ашылуы керек түзету топтары әлі жоқ. 6 жасқа дейінгі контингентке есептелгеніне қарамастан, балалар саны 4400-ге қысқарды. Мақсатты қаржы артылғанда қайда жұмсалатыны белгісіз», – деді ол.
Мәжіліс депутаты мәселені шешу үшін облыс әкімдігіне ұсыныстарын жолдайтынын айтты.
«Бұрын бұл жобаны Білім және ғылым министрлігі орталықтандыру арқылы жүргізген еді, қазір ол жүйе өзгерді. Дәл осындай мәселе Қостанай облысында да көтерілді, облыс әкімдігіне жұмыс уақытын қысқартпау туралы ұсыныс айтылып, проблема бірден шешілді. Сол себепті «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірге Түркістан облысы әкіміне проблеманы шешу бойынша ұсыныстарымызды жолдаймыз. Басқасы басқа, балалардан ақша үнемдеу дұрыс емес. Бір жерден үнемдейміз деп, еліміздің экономикалық әлеуетін төмендетіп алмауымыз керек», – деді Respublica партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров.
Өз кезегінде, Айдарбек Қожаназаров шаруалардың шағымын мұқият тыңдап, ұтымды шешімдерін ұсынып, Мәжіліс қабырғасында көтеретінін жеткізді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ