присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Таразда лауазымды адамға жала жапқан белсенді ұсталды

08 ақпан 2023 11:52
Таразда лауазымды адамға жала жапқан белсенді ұсталды

Тараздық белсенді көрінеу жалған жала жабу күдігімен ұсталды.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, 2022 жылғы 25 қазанда полицияға Н. Қанатов есімді азамат белгісіз адамның үй жанында тұрған автокөлігін өртемек болғаны туралы хабарлаған. Өртеу фактісі расталды. Автокөліктің сыртқы бөлігі жартылай зақымданған.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 202-бабы 2-бөлігімен («Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе өрт қою арқылы бүлдiру») қылмыстық іс тіркелді.

Сондай-ақ Н. Қанатов әлеуметтік желілерде оның автокөлігін өртеуді мемлекеттік қызметтегі лауазымды адам ұйымдастырды деп күдіктеніп, болған оқиғаны өзінің қоғамдық қызметімен байланыстырған. Бұдан бөлек, өртеу дерегі жасалғанға дейін Н. Қанатов әлеуметтік желілерде өзіне қатысты лауазымды адамдар тарапынан «қастандықтар» жоспарланып отырғаны туралы хабарламалар жариялаған болатын.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде оның автокөлігін өртеген адам ұсталды. Анықталғандай, автокөлікті өртеу Қанатовтың өз тапсырысымен жасалған болып шықты. Оның бұл әрекетке барудағы мақсаты тергеу барысында анықталатын болады.

Қанатовқа қатысты ҚР ҚК-нің 419-бабы 3-бөлігі бойынша («Адамды ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұласқан не пайдакүнемдiк ниетпен көрінеу жалған сөз сөйлеу») қылмыстық іс тіркелді. Оның кінәсіне қатысты нақты дәлелдер бар. Өртеп жіберген адам анықталғаннан кейін Қанатов тергеуге әртүрлі жолдармен кедергі келтіруге тырысқан.

7 ақпанда ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды. Тергеу жалғасып жатыр.

Ал бүгін Антикордың қоғамдық кеңес мүшесі Дидар Смағұлов Facebook-тегі парақшасына Н. Қанатовтың жазықсыз қамауға алынғанын жазды. Айтуынша, белсенді бірнеше рет жергілікті полиция басшылығын жемқорлыққа қатысты айыптаған. Осыған байланысты ол полицейлерді «қажетсіз адамнан құтылу» үшін осындай қадамға барды деп есептейді. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткер ретінде Дидар Смағұлов ІІМ басшысы Марат Ахметжановтан бұл істі өз бақылауына алуды сұрады.

Бұл істі қысым көрсетусіз, әділ шешуді талап етеміз, – деп жазды ол.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру