присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Утильалым мөлшерін азайтуды Сенат депутаты да ұсынды

28 наурыз 2024 14:50
Утильалым мөлшерін азайтуды Сенат депутаты да ұсынды

Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров Қазақстанда утилизациялық алым мөлшерін азайтуды ұсынды.

Депутаттық сауал премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.

Депутаттарға кедендік алымдар, кәдеге жарату төлемдерінің мөлшері мен импорт автомобильдерді тіркеу туралы азаматтардың өтініштері үнемі келіп тұрады. Сенаторлар Үкіметке бірнеше рет депутаттық сауал жолдады. Алайда нақты экономикалық міндеттерге, ғылыми тұжырымдарға негізделген және екі тарапты да қанағаттандыратын шешім әлі табылмады. Салдарынан қарапайым қазақстандықтардың автомобиль сатып алу деңгейіне қол жеткізуі төмендеп барады, - деді Бекбол Орынбасаров.

Сенатордың айтуынша, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы халықтың жаңа көлік сатып алуына септігін тигізбеген. Осыған байланысты сенатор Үкімет басшысына утилизациялық алымды төмендетуді, кедендік баж бен автомобильді тіркегені үшін алым мөлшерін азайтуды ұсынды.

«Қозғалтқыш көлемі 2 мың текше сантиметрге дейінгі, шыққанына 3 жылдан аспаған автомобильдер үшін кәдеге жарату алымының мөлшерін 150 мың теңгеден аспайтындай етіп қайта қарауды сұраймын. Кедендік бажды есептеу кезінде кедендік торды азайту жағын да қайта қарау керек. Қазір автокөліктердің көпшілігі, әсіресе, Қытайдан Қазақстанға Қырғызстан арқылы әкелінетін фактілер бар. Себебі, автокөлік иелері ҚҚС пен бажды біздің мемлекетімізге қарағанда бірнеше есе аз төлейді. Шығарылған жылын қоса алғанда, 5 жылға дейін көліктерді мемлекеттік тіркеу үшін алым мөлшерлемесін 0,25 АЕК (923 теңге, 1 АЕК – 3692 теңге) көлемінде қарастыруды ұсынамын. Бұл ұсыныстар Қазақстан азаматтарына автокөліктерін жаңартуға мүмкіндік береді деп сенеміз», - деді Бекбол Орынбасаров.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Қазақстандағы утильалым мөлшерін азайтуды ұсынды. Алайда, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утильалым мөлшері өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру