Елімізде 14,7 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істеп жатыр
Елімізде 1 шiлдедегi жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен 14 762 шетел азаматы жұмыс істер жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат берілген санаттар белгіленген. Атап айтқанда, басшылар мен олардың орынбасарларының қызметіне 537 рұқсат (бірінші санат) берілген. Яғни, қазір елімізде 537 шетел азаматы мекеменің басшысы мен орның орынбасары болып қызмет етіп келеді. Екінші санаттағы құрылымдық бөлімшелердің басшы қызметіне 2 751 рұқсат (екінші санат) етілген.
Сондай-ақ, тартылған шетел жұмыс күшін негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады. Тиісінше, олар 6 598 және 833 адам. Маусымдық жұмыстарға 1 940 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 103 адам тартылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда шетел жұмыс күшін пайдаланатын 1 751 жұмыс беруші бар. Оларда 433,4 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл қызметкерлердің жалпы санының 96 пайызы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында. Мұнда 5 204 адам (35%) жұмысқа тартылған. Ауыл, орман және балық шаруашылығында 1 895 адам (13%), тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазуда 1 346 адам (9%), өңдеу өнеркәсібінде 1 128 адам (7%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте 850 адам (6%) жұмыс істейді.
Қытайдан 3 729 адам (25%) еңбек мигранты келген. Өзбекстаннан 1 967 адам (13%), Үндістаннан 1 461 адам (10%), Түркиядан 1 454 адам (10%) келіп, жұмыс істеп жатыр.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетел мамандарын тартуға квота белгілеп, оны бөледі.
Биыл жалпы квота еліміздегі жұмыс күшінің санына қатысты 0,24% немесе 22 260 бірлік мөлшерінде белгіленді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ