присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

ЕРЛАН ӘБІЛ: Мемлекеттік рәміздер – елдіктің символы

02 маусым 2023 20:59
ЕРЛАН ӘБІЛ: Мемлекеттік рәміздер – елдіктің символы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу біртектілікті, патриотизмді және ұлт бірлігін нығайту бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі элементі болып табылады. Осыған орай ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мерекелік іс-шара өтті.


Академия ректоры Ерлан Әбіл құттықтау сөзінде мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтау патриоттық сезімді арттырып, рухани дамуымызға көмектесетінін айтты.
«Мемлекеттік рәміздер – елдіктің символы, тәуелсіздігіміздің маңызды белгісі. Сол себепті оларды кеңінен қолдану, қадірлеу, мән-мазмұнын білу қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жағынан алғанда да өте өзекті. Туымызды, Елтаңбаны, Әнұранды ұлықтау тек 4 маусымда ғана емес, жыл он екі ай бойына жүйелі түрде жүргізілуі тиіс», – деді ол.
Сондай-ақ Ерлан Қуанышұлы мемлекеттік рәміздерді қолдану аясы кеңейтілгенін атап өтті.


«Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеудің 2015 жылы бекітілген өз ережелері мен тәртібі бар, 2020 жылы бұл ережелерге өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік рәміздеріміз кеңінен қолданыла бастады. Мәселен, патриоттық сезім мен қазақы болмысты таныту үшін, Қазақстан мен ел азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында туымызды балконға ілуге ​​ресми түрде рұқсат берілді. Осылайша, мемлекеттік рәміздерді халықтың жаппай қолдануына қатысты бұрын қабылданған шектеулер азайтылды. Жалпы мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар елінде бар. Мысалы, Түркиядағы көпқабатты үйлердің қабырғалары, балкондары және маңызды деп саналатын ғимараттардың сыртқы беттері тумен үнемі көмкеріліп тұратынын байқауға болады», – деді Академия ректоры.


Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры Зұлфұхар Ғайыпов атаулы мерекенің өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.
«Бұл күн Отанымызда ұлттың ұйытқысы мен бірлігінің ерекше белгісі  болып саналатын мемлекеттік рәміздердің жоғары маңыздылығын айқындайтын ерекше мәнге ие болды. Ол өз кезегінде барша қазақстандықтың азаматтық қалыптасуының маңызды құрамдас бөлігі ретінде халықтың мемлекеттік рәміздерге жанашырлықпен және құрметін арттыра түсті. Өскелең ұрпаққа отбасынан бастап, балабақша, мектеп, колледж,  университет деңгейінде туымыздың тарихы мен қасиеті туралы тәрбиелік маңызы бар шараларды көбірек,  жүйелі түрде өткізіп тұру керек. Тек сонда ғана рәміздерге деген құрмет пен ұлтжандылық рухы мықты ұлт боламыз», – деді саяси ғылымдарының докторы.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру