Жас жазушылар мен ақындарға Президенттік арнаулы әдеби сыйлық беріледі
Биыл тұңғыш рет жас жазушылар мен ақындарға Президенттік арнаулы әдеби сыйлық беріледі. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Facebook-тегі парақшасына жазды.
Еліміздің жас ақын-жазушыларымен кездестім. Жас қаламгерлерге арналған жақсы жаңалығымыз бар. Биыл тұңғыш рет жас жазушылар мен ақындарға Президенттік арнаулы әдеби сыйлық беріледі, – деді министр.
Оның айтуынша, лауреаттар төрт номинация бойынша анықталады. Бұл – «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті». Әр номинация жеңімпазына 4 млн теңге сыйақы және «Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың лауреаты» атағы, диплом және төсбелгі беріледі. Әдеби сыйлық жас қаламгерлерді қолдауға, қазақ әдебиетінің жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған. Өтінімді қабылдау бір ай жалғасады.
«Мәдениет және спорт министрлігі қазірдің өзінде бірнеше әдеби жобаны іске асырып жатыр. Мысалы, өткен жылы басталған, 35 млн теңге жүлде қоры бар «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына биыл да өтінім қабылдау жүріп жатыр», – деп жазды ведомство басшысы.
Кездесу барысында министр ақын-жазушылардың ұсыныстарын да тыңдаған. Атап айтқанда, жас қаламгерлер саланы коммерцияландыру және елде толыққанды әдеби нарық құру, авторлық құқықты қорғау, әдеби конкурстардағы шығармаларды бағалау үшін әдеби редакторлар мен сарапшылар санын көбейту, жас жазушылар мен ақындар форумының жұмысын жандандыру сынды маңызды ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Министрлік әрқашан жаңа идеяларға ашық. Біз айтылған ұсыныстарды міндетті түрде қарастырамыз. Бұл біздің соңғы кездесуіміз емес екені анық. Қазақ әдебиетін одан әрі дамыту шараларын мұқият талқылау үшін міндетті түрде біз жүйелі түрде бас қосып отырамыз, – деп түйіндеді сөзін Асхат Оралов.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ