Жер сілкінісі кезінде шұғыл хабар тарататын жүйе іске қосылады - Досаев
Премьер-министр Олжас Бектенов жер сілкісінісінің Алматы қаласына айтарлықтай зардабын тигізбегенін мәлімдеді.
«Төтенше жағдайлар министрлігі, әкімдік және басқа да мемлекеттік органдар болған жағдайда шұғыл әрекет ете білді. Бұл жолы дабыл сиренасы мен халықты құлақтандыру жүйесі уақытылы іске қосылды. Қала халқы қабылдау пунктеріне эвакуацияланды. Бағымызға қарай айтарлықтай зардап болмады», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Премьер-министр табиғи апат салдарынан келген шығынды есептеу-бағалау жұмысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Төтенше жағдайлар министрлігі елдегі сейсмологиялық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуі керек. Күштер мен құралдар сақадай сай болуға тиіс. Сондай-ақ ТЖМ еліміздің таулы аймақтарында сел және лай көшкіні жүру қаупіне қатысты тиісті мониторингті қамтамасыз етуі керек. Төтенше жағдай қаупі туындаған кезде шұғыл әрекет ету шараларын қабылдау керек, - деп сөзін түйіндеді Үкімет басшысы.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, биыл мамыр айының соңында мегаполисте жер сілкінісі кезінде шұғыл хабар тарататын жүйе іске қосылады.
«Биыл 25 қаңтарда Мемлекет басшысы мобильді құрылғылар арқылы халықты шұғыл жаппай құлақтандыру жүйесін енгізу жөніндегі тапсырма берді. Алматы қаласының әкімдігі пилоттық режимде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, қала тұрғындарын төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар ету үшін биыл мамырдың соңына дейін 475 млн теңге бөлінген Cell Broadcast технологиясын пайдаланып, Mass Alert қағидаты бойынша халықты жедел құлақтандыру жүйесін енгізуді жоспарлап отыр», - деді Ерболат Досаев Үкімет отырысында.
Әкім аталған жүйенің ерекшелігіне тоқталды.
Дәстүрлі SMS-тен айырмашылығы Cell Вroadcast технологиясы желіге қосымша жүктеме түсірмейді және базалық станциялардың антенналарын қамту аймағында орналасқан барлық абонент үшін жедел және жаппай таратуды, хабарлау уақыты мен жиілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді ол.
Еске салайық, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин Қазақстан территориясының 45 пайызы сейсмикалық қауіпті аймаққа жататынын айтты.
Одан бөлек, Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы жер қыртысының флюидті режимі зертханасының меңгерушісі Елизавета Есенжігітова елдің батысында пайдалы қазбаларды алу салдарынан техногендік жер сілкінісі көбейгенін атап өтті.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ