«Әскери құрылыс» мекемесіндегі жемқорлық: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады
Антикор «Әскери құрылыс» АҚ-ның бұрынғы президенті Е. Тәжиденовтің және басқалардың басшылығымен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. 11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде туған ағасы мен жиені, сондай-ақ Тәжиденовтің қарамағындағы «Әскери құрылыс» ЖШС мен оның Астана қаласы бойынша филиалының қаржылық және корпоративтік қызметіне жауапты адамдар бар.
Олар тауарлар мен қызметтерді сатып алуға, өтеусіз қаржылық көмек көрсетуге үлестес компаниялармен жалған шарттар жасасу арқылы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Залалдың жалпы сомасы – 596 млн теңге. Оны өтеу мақсатында қылмыстық жолмен алынған мүлікке тыйым салынды.
Сотқа дейінгі тергеу нәтижесінде Қорғаныс министрлігінің лауазымды адамдарының ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы жоқ екені анықталған. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қазір қылмыстық жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғалардың әрекеті салдарынан «Әскери құрылыс» АҚ-ның қаржылық жағдайы айтарлықтай төмендеп, кредиторлық берешегі болған. Осы жағдайға байланысты Қорғаныс министрлігі «Әскери құрылыс» АҚ басшылығын толық ауыстырып, ұйымның қызметіне бақылауды күшейткен.
Бұл заңсыз әрекеттерді 2019-2020 жылдар аралығында акционерлік қоғамның лауазымды тұлғалары жасаған
2022 жылдың басынан бастап «Әскери құрылыс» АҚ қызметін реформалау және кредиторлық берешекті өтеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 100-ден аса компания медиативтік келісімдерге қол қойды. Кәсіпкерлер алдындағы кредиторлық берешектің негізгі бөлігін 2023 жылдың соңына дейін міндетті түрде өтеу жоспарланып отыр, - делінген Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде.
Айта кетейік, 2019-2020 жылдар аралығында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев болды.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ