Аружан Саин балалар үйірмелерінің тегін болуын шектейтін кедергілерді атады
ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин балалардың шығармашылық және спорттық үйірмелерінің тегін болуын шектеп тұрған кедергілерді атады, - деп хабарлайды Taunews.kz.
«Біздің әрбір тиын халықтың қажетіне жұмсалуы тиіс. 6 миллион баламызға мемлекеттік тұрғыда жүйелі көмек көрсетілуі керек. Қысқасы, жергілікті атқарушы органдардың зердесі бар-ау деген үмітіміз желге ұшты. Біз Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдерімен нақты механизмдер жолға қойылуы керектігі жөнінде ұзақ әңгімелестік. Өйткені ақша үйірме түрінде әр балаға жетуі керек. Өкініштісі, бұл механизм әлі құрылған да жоқ. Сондықтан сарапшыларға жүгіндік. Оларға алғысым шексіз. Сарапшылардың көмегімен мемлекеттік сатып алулар туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасы әзірленіп, ол құжатқа «шығармашылық сатып алу», «спорттық сатып алу» ұғымдары енгізілді. Сондай-ақ мәдениет туралы заңға және спорт туралы заңға балалар спорты мен шығармашылығы бойынша сатып алу жүйелері қалай нақты жұмыс істейтінін реттейтін түзетулер әзірленді», - деді Аружан Саин.
Сонымен қатар, бұл мақсаттағы жұмыс республикалық бюджеттен қосымша қаражатты қажет етпейтіні айтылды. Мәселе әкімдіктерден, мәдениет және спорт басқармаларынан бөлінетін қаражаттың есебінен шешілетін болады.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ