присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Әлемдік экономика және саясат институты Қазақстанның антиядролық бағдарламасын қолдады

30 қараша 2020 12:43
Әлемдік экономика және саясат институты Қазақстанның антиядролық бағдарламасын қолдады

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры және Әлемдік экономика және саясат институты бірлесе отырып, Халықаралық қауіпсіздік және жаһандық ядролық диалогты қайта бастау мәселелері бойынша халықаралық онлайн конференциясын өткізді, деп хабарлайды Taunews.kz.

Спикерлер ретінде Астана клубының Консультативтік кеңесінің жетекші мүшелері, сондай-ақ сыртқы саясат және ядролық қауіпсіздік мәселелері саласындағы бірқатар көрнекті әлем саясаткерлері мен сарапшылары сөз сөйледі. Олардың ішінде: Мохаммед Эль-Барадеи – МАГАТЭ -нің Бас директоры, 2005 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты; Тарья Халонен – Финляндия президенті; Данило Тюрк – Мадрид клубының президенті, Словения президенті; Хамид Карзай – Ауғанстан Ислам Республикасының президенті; Беатрис Фин – «Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқанның» атқарушы директоры (ICAN), 2017 жылғы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты; Джеймс Линдси – Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің вице-президенті (CFR); Андрей Кортунов, Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесінің (РХІК) бас директоры; Ангела Кейн, Халықаралық бейбітшілік институтының (IIP) вице-президенті, БҰҰ Бас хатшысының экс-орынбасары; Асле Тойе, Норвегиялық Нобель комитетінің мүшесі және басқа да беделді спикерлер қатысты.

Конференцияны ашқан Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті Джонатан Гранофф Қазақстан Президентінің жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтудағы ерекше маңызы мен рөлін атап өтті: «Қазақстан мен Тұңғыш Президент Назарбаев шақырған осы іс-шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе, ол кісінің бұл мәселедегі ең маңызды артықшылығы – іс-әрекетке негізделген моральдық беделі». Соңында Дж. Гранофф Жаһандық көшбасшылар альянсын құру бастамасы үшін Елбасына алғыс білдірді. Оның айтуынша: «Біз адамзатты өлім соғысы қаупінен біржола арылту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұдан маңызды мақсат жоқ».

МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры, әлемдік Нобель сыйлығының лауреаты Мохаммед Эль-Барадеи Елбасы бастамасының табысты жүзеге асатынына сенім білдіре отырып: «Президент Назарбаев айтқандай: «сене білу - бұл жарты жолдан өту», біздің барлығымыз осыған сенеміз деп ойлаймын»- деді. Беделді саясаткер Тұңғыш Президенттің ядролық саладағы барлық бұрынғы жобалары мен бастамаларының қажеттілігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «Қазақстанның 2019 жылы жұмыс істей бастаған МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкін өз жерінде орналастыру ұсынысы бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін көптен күткен оқиға болды».

Нобель сыйлығының тағы бір лауреаты, «Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқанның» (ICAN) атқарушы директоры Беатрис Фин Қазақстанның Ядролық қаруға жан-жақты тыйым салу туралы шартты ілгерілетудегі ерекше рөлін айқындады.

Сессия жалғасында Норвегиялық Нобель комитетінің мүшесі Асле Тойе Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі делдалдық рөлінің негізгі маңыздылығын еске салды. «Менің ойымша, Қазақстан ұсынған мәселелердің маңызы зор. Бұл елдің мұсылман әлемі мен Батыс, Ресей мен Қытай арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет етуге дайындығы көңілге үміт ұялатады. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болған кезде біз бұған көз жеткіздік», - деді Асле Тойе.

Мадрид клубының президенті және Словенияның экс-президенті Данило Тюрк: « Қазақстан - салыстырмалы түрде шағын ел бола отырып басынан бастап батыл дипломатиялық бастамасының арқасында тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекеттің тамаша үлгісі, осыны бағалаған жөн!, - деп атап өтті.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру