присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Қазақстан Елшісі Сауд ханзадасымен кездесті

30 шілде 2020 09:35
Қазақстан Елшісі Сауд ханзадасымен кездесті
Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Kingdom Holding Company Төрағасы – ханзада әл-Уәлид бен Талалмен кездездесті. Кездесу барысында экономикалық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың түрлі бағыттары және ханзада Әл-Уалид бен Талалдың Қазақстандағы инвестициялық, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға қатысу мүмкіндігі талқыланды, -деп хабарлайды Taunews.kz. 
 
Қазақстандық дипломат ханзадаға еліміздің қазіргі ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы, қалыптасқан қолайлы инвестициялық ахуалы, денсаулық сақтау, туризм, қонақ үй бизнесі, мұнайхимия өндірісі және т.б. маңызды салаларда жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
 
Сұхбаттың тағы бір тақырыбы Қазақстан мен Сауд ханзадасы басқаратын «Alwaleed Philanthropies» қайырымдылық қоры арасында өзара ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу мәселесі болды. Сонымен қатар, тараптар әлемде коронавирус індетінің таралуы салдарынан орын алған тұрақсыз жағдай төңірегінде пікір алмасты. 
 
Өз кезегінде, Ханзада Әл-Уалид бен Талал 2008 жылы Қазақстанда сапармен болғанын және оның барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен кездескенін ыстық ықыласпен есіне алды. Саудтық бизнесмен Қазақстанның жаңа астанасының даму қарқыны үлкен әсер қалдырғанын атап өтіп, жаһандық пандемия аяқталғаннан кейін біздің елге тағы да сапармен келуге ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ еліміздің басшылығына өзінің сәлемін жолдай отырып, ол Қазақстан халқына амандық және одан әрі өркендеу тіледі.
 
Анықтама: ханзада Әл-Уалид бен Талал бен Абдулазиз әл Сауд - Сауд Арабиясының Корольдік отбасының мүшесі, ірі бизнесмен, инвестор, филантроп.
0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру