Дін адамдары жастарға ұлттық құндылықты аяқасты етуге болмайтынын түсіндіру керек – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесуде жат діни ағымдардың проблемасын айналып өтпеді. Кездесуде ол адамдардың, әсіресе жастардың дәстүрлі дін мен жат ағымдардың аражігін айыра біліп, дін адамдарының жастарға ұлттық құндылықтарымызды аяқасты етуге болмайтынын байыппен түсіндіру керектігін айтты.
«Бұл мәселеге ел ағалары және дін адамдары айрықша мән бергені жөн деп санаймын. Мен ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру туралы үнемі айтып жүрмін. Маңызды істе ар-ұят, мейірімділік пен жанашырлық сияқты ізгі ұғымдар ұмыт қалмауға тиіс. Бұл – қазақтың болмысына тән қасиеттер.
Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаған. Атом бомбасы да, атом энергиясы да – адамзаттың ақыл-ойының жемісі. Яғни, қанша жерден білімді болса да, ізгілікке ұмтылмаған адам елге пайдасын тигізбейді. Сондықтан, озық білім мен өнегелі тәрбиені ұрпақтың бойына қатар сіңіруіміз қажет», – деді ол.
Оның айтуынша, Атырау – Қазақ елінің Еуропаға шығар қақпасы. Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы осы өлке арқылы өткені тарихтан белгілі. Қала орталығындағы көпір Азия мен Еуропаны жалғап тұр. Мұның зор символдық мәні бар. Бір сөзбен айтқанда, еліміз түрлі өркениеттер тоғысқан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сондықтан, қазақтың жерін ежелгі заманнан түрлі діни наным өкілдері мекендеген..
Осы ретте, президент халқымыз діни ұстанымына қарап ешкімді кемсітпегенін, барлық халық татулықта өмір сүргенін айтты.
«Жақында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезіне қатысушылар да мұны айрықша атап өтті. Тіпті, Рим папасы ұлы Абай және домбыраның құдіреті туралы терең ойларын айтты.
Мен мұны бекерге айтып отырған жоқпын. Қазір жер жүзінде болып жатқан түрлі қақтығыстардың негізгі себептерінің бірі – діни алауыздық. Біз елімізде тыныштық пен тұрақтылық болғанын тілейміз. Сол себепті, бұл мәселені назардан тыс қалдырмауымыз керек.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституциямызда дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ, зайырлы және төзімді, толерантты болу дегеніміз бәріне көз жұма қарап, жайбарақат отыру деген сөз емес.
Біз елдің қауіпсіздігі мен тұтастығына нұқсан келтіруге ешқашан жол бермейміз. Радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге ортамызда орын жоқ. Бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған. Шариғаттың шарттары мен халқымыздың әдет-ғұрпы үндескен дәстүрлі ата дініміз бар. Оның асыл құндылықтары осы күнге дейін ұлтымызды ұйыстырып, бірлігімізді бекемдеп келеді. Ата жолын сақтап, дініміз бен салт-дәстүрімізді берік ұстау – біздің перзенттік парызымыз. Осы орайда, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру аса маңызды», – деді ол.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ