Алматы тұрғындарына РАТТ мүшелері түсіндіру жұмыстарын жүргізуде
Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы Алматы қаласында діни экстремизм мен радикализмнің алдын алуға бағытталған жұмыстарын бастады.
Алматы қаласында Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мамандары қазақстандық қоғамның дәстүрлі, мәдени және отбасылық құндылықтарын нығайтуға бағытталған діни-ағартушылық шараларын жүргізуде. Шаһар тұрғындарына түсіндіру жұмыстары ірі кәсіпорындар, сауда нысандары мен ғибадат орындарында өткізілді.
Шара барысында еліміздегі барлық конфессиялар мен этностардың бейбіт өмір сүруі, халқымыздың мәдениеті мен рухани мұрасына құрмет, деструктивті жалған діни және радикалды идеялардың зияндылығына бағытталған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мәні туралы ақпараттар берілді.
Кездесулерге Респибликалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері – дінтанушы Елнар Берікбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің PhD-докторы, белгілі теолог – Құдайберді Бағашаров, «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің «Дінтану» кафедрасының меңгерушісі – Альбина Дүйсенбаева, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының аға оқытушысы – Руслан Сарсембаев тартылды.
Сарапшылар діндегі рухани-адамгершілік, бүгінгі қоғамдағы әйелдің рөлі мен әлеуметтік мәртебесін арттыру, деструктивті діни ағымдарға қарсы тұру тақырыптарына баса назар аударды. Сондай-ақ кездесу барысында қатысушылардың мазалаған сұрақтарына тұшымды жауаптар да берілді.
Ақпараттық-түсіндіру және алдын алу шаралары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің арнайы жобасы аясында «Social Development Center» қоғамдық қорымен ұйымдастырылуда.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ