Каспийдегі әскери жаттығу: бұрынғы Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қамауға алынды
Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында ұсталып, қамауға алынды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, Ниязбековке қызметтік міндеттеріне салғырт қарады деген күдік келтіріліп отыр.
Тергеу барысында бұрынғы бас қолбасшы алдымен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілген. Кейін оны қамауға алу туралы шешімге сот санкция берген.
Қазір әскери қызметшілердің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Қанат Ниязбековтің қызметінен алынғаны 3 қазанда белгілі болған. Сол күні Мемлекет басшысының шешімімен ол Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметінен босатылды.
Бұдан бөлек, сол күні Қорғаныс министрлігінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы Қаныш Әбубәкіров пен қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмақеев те қызметтерінен босатылған болатын.
USD