Көкшетауда 59 жастағы тұрғын телефон алаяқтарының құрбаны болып, 10 млн теңгесінен айырылып қала жаздады. Әйелді өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған адам алдап, жинаған ақшасын курьер арқылы беруге көндірген.
Ақмола облысының полиция департаментінің мәліметінше, бірнеше күн бұрын қала тұрғынына белгісіз адам қоңырау шалып, өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған. Ол әйелді түрлі жолмен қорқытып, қолындағы ақшасын қауіпсіз жерге беруді талап еткен.
Алаяқтың сөзіне сенген тұрғын 10 млн теңгені үйіне келген курьерге табыстаған. Кейін өзінің алаяқтық схемаға тап болғанын түсінген әйел дереу полицияға жүгініп, болған жағдайды хабарлаған.
Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізіп, курьердің орналасқан жерін шамамен төрт сағат ішінде Астанадан анықтаған.
Тергеу барысында курьердің өзі де алаяқтардың ықпалына түскені белгілі болды. Ол алған қаражатты басқа адамға аударғанымен, ақшаның барлығын жіберіп үлгермеген.
Қазіргі уақытта полиция алаяқтық схеманы ұйымдастырған негізгі күдіктіні анықтау үшін жедел-тергеу шараларын жүргізіп жатыр.
Құқық қорғау органдары тұрғындарға телефон арқылы қоңырау шалып, ақша аударуды немесе оны «қауіпсіз жерге» беруді талап ететін адамдарға сенбеуге шақырады.
USD