присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Ақтөбеде такси жүргізушілерін алдап жүрген адам ұсталды

14 наурыз 2024 11:45
Ақтөбеде такси жүргізушілерін алдап жүрген адам ұсталды

Ақтөбе қаласында бірнеше такси жүргізушісіне тапсырыс беріп, ақшасын төлемеген ер адам ұсталды.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, Ақтөбе қаласында күдікті ер-азамат InDrive қосымшасын пайдаланып, бірнеше таксисті ақшаға алдаған. Ол такси жүргізушілерімен WhatsApp-пен хат жазысып, өз ақшасына супермаркеттен азық-түлік жеткізіп беруді өтініп, өзі жіберген басқа телефон нөміріне ақша аударуға көндірген. Күдікті хат жазысқан кезде өзінде қолма-қол ақшаның бар екенін, тапсырысты мекенжайға жеткізген соң, барлық шығынды ақшалай өтейтінін айтқан. Ол сенімді көріну үшін таксистерге қажетті азық-түліктің тізімін де жолдап отырған.

Содан кейін бір емес, бірнеше таксист ер адамға алданған соң, полицияға хабарласқан. Криминалды полиция алаяққа алдану дерегі бойынша жедел-іздестіру операциясын бастап, күдіктіні Жаңаөзен қаласынан ұстады.

Тергеп-тексеру кезінде күдікті қылмысын толық мойындады. Ол таксистерді InDrive қосымшасын пайдаланып, алдағанын айтты.

Жәбірленушілер азық-түлікті сатып алып, «тапсырыс берушінің» жіберген телефон нөміріне ақша аударғаннан кейін, жігіт олардың телефон нөмірлерін бұғаттап, байланысқа шықпай қойған. 10 такси жүргізушіге келтірілген шығын көлемі 11 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейін жеткен.

Қазір күдікті Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру