Алматы қаласының полиция департаменті көлік жүргізу кезінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған және бұл әрекетін әдейі әлеуметтік желіде жариялаған блогер Daricorn-ға (Дариға Нұркеева) қатысты шара қолданды.
Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желілерді бақылау барысында блогердің бұрылыс белгісін қоспай, жолақ ауыстырып, әдейі апатты жағдай туғызғаны бейнеленген видео анықталған.
Танымал блогердің бұл әрекеті демонстративті түрде жасалған және жол қозғалысы ережелерін ашық бұзу болып табылады. Тексеру нәтижесінде ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 595-бабы 1-бөлігі (бұрылыс сигналының берілмеуі) және 606-бабы 1-бөлігі (апатты жағдай туғызу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — делінген Алматы полиция департаментінің хабарламасында.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдары заңның бәріне ортақ екенін еске салды.
Қоғам алдындағы танымалдылық немесе әлеуметтік желідегі жазылушылар саны ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. Әрбір жол ережесін бұзу фактісі тиісті заң аясында қаралатын болады. «Хайп» жасау үшін тәртіп бұзуға жол берілмейді. Жолдағы қауіпсіздік – бұл ойын емес, әр адамның азаматтық міндеті, — деді полиция өкілдері.
Полиция азаматтарды жолда жауапкершілікті болуға және өзгелердің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауға шақырды.