Қазақстанда 8 миллионға жуық азамат табыс декларациясын тапсыру міндетінен босатылады.
Бұл жөнінде ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінің жобасында жеке тұлғаларды міндетті декларация тапсырудан босату қарастырылған.
Сенаттың кулуарында сөз сөйлеген вице-министр №250 форма — яғни, бастапқы декларация — бір рет қана тапсырылады және оны қайта өткізу талап етілмейтінін атап өтті.
Тек №270 форма — жыл ішінде өзгерістер немесе ірі сатып алулар болған жағдайда — 15 қыркүйекке дейін ұсынылады, — деді Ержан Біржанов.
Оның мәліметінше, Қазақстандағы барлық сатып алулардың 87 пайызы қолма-қол ақшасыз жүзеге асады, бұл өз кезегінде салық органдарына қажетті ақпаратты автоматты түрде алуға мүмкіндік береді.
Сол себепті, салықты өздігінен есептемейтін жеке тұлғалар декларация тапсырудан босатылады. Себебі олардың орнына салықтық міндеттемелерді жұмыс беруші немесе салық агенті орындайды. Біз әр қызметкер бойынша есептілікті алып, оны сақтаймыз. Егер біреу декларация тапсырмаса, оны да бақылап отырамыз. Сондықтан 8 миллион адамды есеп тапсыруға мәжбүрлеудің қажеті жоқ, — деп түйіндеді вице-министр.