Асхат Аймағамбетов премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында елімізде магистр не доктор дәрежесін алғысы келетін жастар үшін оқуға түсерде ағылшын тілінің емтиханын өзгертуді ұсынды.
Студент қазақ не орыс тілінде оқыса да, талап бәріне ортақ. Мысалы, Қазақ филологиясы, этнография, музыка сияқты мамандықтарға түсетін жастар да алдымен ағылшын тілінен емтихан тапсыруы керек. Әрине, ғылыммен айналысу үшін ағылшын тілін білу маңызды. Себебі күн сайын жарияланып жатқан ғылыми жаңалықтардың көпшілігі – ағылшын тілінде. Оларды оқу, түсіну, пайдалану – әр зерттеушіге қажет. Сондықтан бұл талап кезінде заманға сай, орынды шешім болды. Ашығын айтқанда, бұл талапты кезінде министр болғанда қолдаған да, бекіткен де өзім болатынмын. Алайда қазір жағдай өзгерді, – дейді ол.
Оның айтуынша, содан бері, тіпті, соңғы бес жылдың өзінде-ақ халық жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Технологиялық революция орын алды.
Қазір ChatGPT, Gemini сияқты құралдардың көмегімен кез келген ағылшын мәтінін санаулы секундта, сапалы түрде қазақ немесе орыс тіліне аударуға болады. Иә, ағылшын тілі ғылым үшін әлі де қажет. Қажет болады да. Бірақ қазіргі технологиялардың арқасында бұл талап магистратураға түсуге кедергі болмауы тиіс. Өйткені енді осы технологиялармен, жастар ғылыми жұмысын бастай алады. Оның үстіне, шыны керек, айтылған талап студенттердің тілдік деңгейін айтарлықтай көтере алған жоқ. Ең қиыны – қазақ әдебиеті мен өнерін зерттегісі келетін жастар ағылшын емтиханынан өте алмағаны үшін магистратура мен докторантураға түсе алмай жүр. Не істеу керек? Әрине ағылшын тілін қолдай отырып, бұл талаптарды өзгертуіміз керек, – деген ол нақты төрт ұсыныс айтты.
Біріншіден, ағылшын тілін ерте – мектептен бастап сапалы түрде оқытуды әрі қарай күшейту қажет. Кезінде Президенттің тапсырмасына сәйкес 3-4 сыныптар мен 10-11-сыныптарда ағылшын тілі сағатын аптасына 3 сабақтан 5 сабаққа дейін көбейген еді. Бірақ бұл бастама толық іске аспады.
Екіншіден, оқыту тілі қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін бағыттарда ағылшын тілінен емтиханды түсу кезінде емес, оқу аяқталған соң тапсыруды қарастырған жөн. Ал сол кезеңге дейін ағылшын тілін бакаларвриат, магистратура мен докторантураның оқу бағдарламасына кіргізіп, тереңдетіп оқытқан дұрыс. Сонда нақты нәтиже болады.
Үшіншіден, ағылшын тілінде оқытатын немесе қосдипломды бағдарламалар, мен филиалдар үшін бұл талапты керісінше күшейткен жөн. Яғни әр бағытқа қарай саралау қажет.
Төртіншіден, Scopus пен Web of Science базаларында мақала жариялау талабын да мамандықтың ерекшелігіне қарай қарастырған жөн.
Бастысы – диссертацияның сапасы мен ғылыми ортаға қосқан нақты үлесі маңызды. Оны конференцияларда талқылау мен ғылыми жұмыстың нақты пайдасы керек. Жалпы, бұл талаптарды университеттердің академиялық еркіндігі аясында реттеген дұрыс деп есептейміз.Қорытындылай келе, ұсынылып отырған қадамдар – білім беруді қолжетімді, әділетті және заманға сай етуге бағытталған, – деді ол.