Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі сот мәдениет және спорт саласының бұрынғы вице-министрі Ерлан Қожағапановты 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, мемлекетке 1 миллиард теңге көлемінде залал келтірді деп танылды.
Сот Қожағапановты ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігі — «ауыр салдарға соқтырған лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану» бабы бойынша кінәлі деп таныды. Бұған қоса, оған өмір бойы мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда, сот, жергілікті басқару органдары мен Ұлттық банк жүйесінде лауазым иеленуге тыйым салынды.
Іс 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы аймақаралық ынтымақтастық форумына байланысты қозғалған. Іс-шараны ұйымдастыруға бөлінген қаражаттың бір бөлігі тиімсіз жұмсалып, жымқыру белгілері анықталған.
Аталған форумды ұйымдастыруға жауапты болған SUCCESS агенттігінің бас директоры Ляззат Көккөзова да сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі — «аса ірі көлемде алаяқтық жасау» бабы бойынша жауапқа тартылды.
Сот екі сотталушының тергеу кезінде қамауда өткізген уақытын жаза мерзіміне толықтай есептеді.
Айыптау тарапы, нақтырақ айтқанда мемлекеттік прокурор Арман Қызыкен сотқа дейін Қожағапановқа 7 жыл, ал Көккөзоваға 8 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын сұраған.