Шерзат Болаттың өліміне қатысты басты күдікті Абзал Шынасыл сот процесі кезінде бұған дейінгі мойындауларынан бас тартты.
Ол тергеу барысында жасаған мәлімдемелерін жоққа шығарып, қаза тапқан Шерзатқа емес, оның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевқа пышақ сұққанын мәлімдеді.
Сотқа дейінгі тергеу кезінде Шынасыл бастапқыда Шерзат Болатты пышақтағанын мойындаған болатын. Алайда бүгінгі сот отырысында ол бұл мәлімдемені «қысым мен қорқыныштың» әсерінен жасағанын, шын мәнінде Шерзатқа емес, Нұрқанатқа пышақ салғанын айтты.
Шындығымды айттым. Ал Нұрқанатпен беттестіру барысында Шерзатқа да пышақ салдым деп көрсете салдым. Бірақ мен оған пышақ сұққан жоқпын. Бұлай айтқан себебім – адам өлтіру қылмысы бойынша сотталып жатқан соң, бүкіл кінәні мойныма ала салайын деген ой болды. Қазір қорғаушыларым шындықты айту керектігін түсіндірген соң, шынайы жауап беріп отырмын. Яғни мен Шерзатқа тек бір мәрте пышақ сұғып алдым. Осы – соңғы жауабым, – деді ол тергеу кезіндегі түсініктемесінде.
Бүгінгі сот тыңдалымында Шынасыл Шерзат Болатқа пышақ салмағанын, оны тек тепкенін, ал Нұрқанат Ғайыпбаевқа үш рет пышақ сұққанын айтты.
Сондай-ақ ол өзінің бейнесін бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетуге келісімін берді.
Күдіктінің бұл жаңа мәлімдемелерінің бұрынғы айғақтармен қаншалықты сәйкестігі алдағы сот отырыстарында анықталмақ.