Алматы облысында жер сілкінісінен 19 нысанға зақым келген
Алматы облысында жер сілкінісінен кейін 19 нысанға зақым келген. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазір министр Сырым Шәріпхановтың төрағалығымен республикалық жедел штабтың жұмысы жалғасып жатыр. Ресми ақпарат бойынша, жедел штабтарда ұйымдастырылған жедел желіге азаматтардан 800-ден астам қоңырау түскен.
«Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық жағдайды бағалауына сәйкес, жақын арада Алматының болжамдық полигонының аумағында MSK-64K сейсмикалық шкаласы бойынша 7 балдан асатын жер сілкінісі болмайды.
Ал Алматы облысының аумағында әлеуметтік маңызы бар нысандарды көзбен шолып тексеру нәтижесінде 19 нысанға зақым келгені анықталған.
АЛМАТЫДАҒЫ ЖЕР СІЛКІНІСІ
Алматыда 2024 жылдың 22 қаңтарынан 23 қаңтарына қараған түні 5 балдық жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан.
Араға бірнеше сағат салып, жер сілкінісі қайталанды. Бұл жолы алматылықтар 2-3 балдық жер сілкінісін сезді.
Үшінші дүмпу таңғы 5 шамасында тіркелді, бұл жолы да 2-3 балдық жер сілкінісі болған.
Бастапқыда жер сілкінісі салдарынан 8 адамның жарақат алғаны айтылды. Алайда Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті 44 адамның медициналық көмекке жүгінгенін, ішінде 35 адамның үйіне жіберілгенін мәлімдеді.
Алматылық мамандар жақын арада қалада жойқын жер сілкінісі болмайтынын айтады. Сондай-ақ олар жер сілкінісі кезінде қалада сирена қосуға қажеттілік болмағанына сенімді. Себебі сирена жер сілкінісі 5,5 балдан жоғары болған кезде іске қосылады.
Дүмпу 24 қаңтарда да жалғасты. Сағат 07:35-те Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 250 шақырымда Қырғызстан аумағында магнитудасы 4.9 жер сілкінісі болды.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ