присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Қазақ хоккейшісі АҚШ-та рекорд жасады

13 желтоқсан 2023 11:40
Қазақ хоккейшісі АҚШ-та рекорд жасады

АҚШ-та қазақ хоккейшісі Бексұлтан Мақыш «Бостон» хоккей академиясының U15 командасы құрамында 100 ұпай жинады. Ол қарсыластар қақпасына 44 ойында 55 шайба салып, 45 рет командаластарының гол салуына көмектесті. Яғни, 45 рет ұтымды пас берді.

Сонымен қатар 15 жастағы Бексұлтан БХА сапында бір маусымда ең көп шайба салған хоккейші атанды. Оған дейін Кэмерон Штель 47 шайба салып, рекордсмен болған еді.

Бексұлтан АҚШ-қа бармас бұрын «Барыс» клубының 15 жасқа дейінгі хоккейшілер командасында ойнаған. Ол 13 жасқа дейінгі балалар арасында «Барыстың» Eñ myqtylar U-13 жасағында бір маусымда 18 ойын ойнап, 43 шайбаның авторы атанған. 20 рет ассист жасаған. Барлығы 63 ұпай жинаған. Ал 14 жасқа дейінгілер арасында QRCH U-14 командасында бір маусым ойнап, 15 матчта 18 шайба салып, 4 ассист жасаған. Одан кейін Eñ myqtylar U-14 клубына ауысып, 20 ойында 38 рет қақпаны дәл көздеп, көзге түскен. Осы матчтарда 18 рет командаластарына дәл пас берген. Барлығы 69 ұпайды қалтасына басқан.

Бексұлтан былтыр «Барыстың» 15 жасқа дейінгі хоккейшілер командасында ойнап, АҚШ-тың «Бостон» хоккей академиясына алынған. Астана клубының 15 жасқа дейінгі жасағында ол 38 гол салып, 31 рет нәтижелі пас берген. Одан кейін спортшы АҚШ-тағы World selects турниріне қатысып, 6 матчта 8 шайбаның авторы атанып, 7 рет командаластарына жақсы пас берді. Осы турнирде Бексұлтанды скауттар байқап, өздеріне шақырған.

Жас хоккейші 2008 жылы туған. Келесі жылы ол 16 жасқа толады.

 

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру