Қырғызстандықтардың ел аумағында болу мерзіміне өзгеріс енгізіледі
Қазақстан Үкіметі Қырғызстан азаматтарының елімізде болу мерзімін ұзартуды жоспарлап отыр.
Қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап Қырғыз Республикасының азаматтары үшін Қазақстан Республикасында болуға рұқсат етілген күнтізбелік 90 күн мерзім белгіленсін, - делінген қаулы жобасында.
Осылайша қырғызстандықтар еліміздің мемлекеттік шекарасынан өткеннен кейін 90 күнге дейін бола алады. Қазір бұл мерзім 30 күнді құрайды.
Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін қолданылады.
Айта кетейік, жобаны іске асыру қаржы шығындарын талап етпейді. Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ережелерге әсер етпейді.
Қаулыны бекіту Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынасты нығайту, Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасында болуы үшін қолайлы жағдай жасайды, - делінген қаулы жобасының түсіндірмесінде.
Қаулы жобасы 2023 жылдың 4 тамызына дейін қоғамдық талқылауда болады.
2023 жылдың қаңтарында Қазақстанға келушілердің елге келуі және болуы ережелеріне енгізілген өзгерістерге сәйкес, визасыз жүрген шетелдіктер біздің елде 30 күн бола алады. Бірақ 180 күн ішінде (алты ай ішінде) олардың жалпы болу мерзімі 90 күннен аспауы керек. Қазақстанға келген ЕАЭО азаматтарының елімізде болу мерзімі 180 күн ішінде 90 күннен аспайды. Қағиданың бұрынғы редакциясында бұл мәселе реттелмеген, сол себепті олар болу мерзімі аяқталғаннан кейін Қазақстаннан тыс жерлерге барып, қайтып келеді де, сол арқылы «болу мерзімін жаңартып» алатын еді. Елде болуды шектейтін бұл ережелер уақытша тұруға немесе виза алуға рұқсат алған шетелдіктер үшін қолданылмайды.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ