присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Министрлік жүлде әкелмейтін спорт түрлерінің қаржысын қысқартпақ

13 желтоқсан 2023 15:49
Министрлік жүлде әкелмейтін спорт түрлерінің қаржысын қысқартпақ

Қазақстанда маңызды емес спорт түрлеріне бөлінетін мемлекеттік қаржыландыру көлемі қысқарады. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты.

Министрдің айтуынша, елімізде 180 спорт түрі дамып келеді, олардың барлығына бюджеттен қаржы бөлінген. Соның тек 46-сы ғана Халықаралық Олимпиада комитетімен танылған. Оның ішінде Қазақстан олимпиадаға спорттың 28 түрінен қатысады. Алайда спортшылар тек 5-8 түрі бойынша ғана жүлде әкеліп жүр.

Сондықтан бұл жұмысты ұйымдастырып жатырмыз. Біз «Спортқа басымдық беру туралы» заңға өзгерістер енгіземіз. Өркениетті елдерді алатын болсақ, мысалы Ресейде олар дамытатын спорттың 31 түрі бар, Германияда – 15, Голландияда – 20, Өзбекстанда – 17. Бізде 50-ге жуық спорт түрі дамып келеді, оған қоса қаржыландыру қажет ұлттық спорт түрлері де бар. Біз де осындай жолмен жүретін боламыз. Бұл жазғы және қысқы Олимпиада ойындары, Паралимпиада ойындары және Азия бағдарламасына енетін спорт түрлері болады, - деді Ермек Маржықпаев.

Оның айтуынша, бұл мәселе бірден шешілмейді. Әзірге министрлік қай спорт түріне қаржыландыру қысқартылатынын нақтылайтын болады.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев спорт саласына бөлінетін қаржының тым көп екенін айтып, министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқарту керек деп талап қойған болатын.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру