The New York Times Алматыны туристер үшін үздік бағыттар тізіміне қосты
АҚШ-тың The New York Times газеті 2024 жылы туристер үшін саяхаттауға болатын әлемдегі 52 қаланың дәстүрлі тізімін жариялады. Онда басылым Алматы қаласын үздік бағыттың біріне қосты. Тізімде Алматы 25-орында тұр.
Алматы – Қазақстанның ең үлкен қаласы. Бұл қала Қазақстанның мәдени орталығы саналады. Мұнда көшпенді халықтың дәмді тамағы, асханасы гипер-заманауи стильде ұсынылған. AUYL немесе TÖR мейрамханаларының дастарханы жақсы. Lanzhou Noodle мейрамханасы қытай тағамдарын, ал Sensilyo Coffee немесе JumpinGoat дәмханалары керемет кофе ұсынады. Көк базардағы жемістер мен жаңғақтарды тамашалаңыз. Содан кейін міндетті түрде кеңестік заманнан қалған, бірақ іші-сырты әдемі етіп жасалған ғимараттарда ашылған PlatformA үлкен азық-түлік базарына барыңыз. Өкінбейсіз, – делінген материалда.
Алматы туралы мақала Әулие Вознесенск соборының фотосуретімен бірге берілген.
Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, Қазақстан соңғы жылдары әлемдік БАҚ рейтингіне жиі шығып келеді. Оған The New York Times газетінің Алматы қаласын туристер үшін үздік бағыттар тізіміне қосуы дәлел бола алады.
Алматы – америкалық басылымның рейтингіне енген Орталық Азиядағы жалғыз қала. Бұған дейін 2017 жылы Қазақстан ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында осы тізімге енгізілген болатын.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ