Туризмді дамыту үшін арнайы бағдарлама әзірлеу керек – сенатор
Еліміздегі демалыс орындарында инфрақұрылым мәселесін шешу үшін арнайы бағдарлама әзірлеу керек. Бұл туралы Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов айтты.
Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметінше, табыстылығы жағынан туризм мұнай өндіруден кейінгі екінші орында тұр.
Былтыр туризмнен 389 млрд теңге салық түскен. Демек, туризм саласын дамытып, оны экономиканың толық драйверіне айналдыруға болады. Жалпы, бізде оған толық мүмкіндік бар. Бірақ оған тиісті инфрақұрылымның жоқтығы тежеу болып тұр. Мысалы, «Талдықорған-Өскемен» тасжолында жөндеу жұмыстарының бітпегенін, жол бойында абаттандырылған санитарлық-гигиеналық тораптардың жоқтығын көрдік.
Жазда демалыста Алакөл жағалауындағы демалыс аймақтарында электр энергиясы қуатының жетіспеуі байқалды. Ондағы интернет пен байланыс сапасы сын көтермейді, жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат 3 жылдан бері игерілмей келе жатыр», - деді сенатор премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Депутаттың айтуынша, Жетісу облысының әкімдігі дайындаған, сметалық құны 4,9 млрд тенге болатын Балқаш демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық желілерін салу жобасы әлі де шешімін таппаған.
Сұлтан Дүйсембинов Талғар ауданындағы Oi-Qaragai тау шаңғы кешенінің де мүмкіндігі толық пайдаланылмай отырғанын жеткізді.
Туристік мақсатта келген шетелдіктер орта есеппен елімізде 4 күн ғана болған деген ақпарат бар, ал 3-4 күнде ең болмаса бір қаланы аралап үлгеруге бола ма? 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстанға келген туристер саны 3,4 млн адам болса, басқа елдерге демалуға барған қазақстандықтардың саны – 5,6 млн. Отандастарымыздың басым бөлігі елмізде демалмай, шетелге шығып демалуды қалайды. Себебі шетелдік демалыс орындарында қызмет көрсету сапасы жоғары.
Шаруа қожалықтарына туристерге қызмет көрсету үшін қонақ үйлер мен глэмпингтер салу, туристерді экологиялық таза тамақпен қамтамасыз етуге жағдай жасау фермерлердің табысын көбейтіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, туризмді дамытуға оң әсер етеді», - деді Сұлтан Дүйсембинов.
Сондықтан туризмді экономиканың толық драйверіне айналдыруға нақты жағдай жасау керек.
Еліміздің туристік әлеуетін толық пайдалануға бағытталған, әсем табиғатымызды әлемге әсерлі етіп жеткізе алатын, демалыс аймақтарын тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ете алатын жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынамыз, - деді депутат.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ