Екінші рет мобилизация болмайды – Путин
Ресей президенті Владимир Путин жылды қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатын бастады. Оған онлайн режимінде де сұрақтар қойылып жатыр.
Путинге РФ Президентінің әкімшілігі мен Қоғамдық халық майданының қызметкерлері сұрақтарды іріктеп берді. Барлығы 2 млн 100 мыңнан астам сұрақ келіп түсіпті. Олардың арасында мониторингке сыймағандары алынып тасталыпты.
Мониторингке сыйғандардың арасында «Үнемі Бірінші арнада көрсетілетін Ресейге қалай көшіп баруға болады?», «Еуропаға да көгілдір отынды бердік. Енді газды Қытайға беріп жатырмыз. Ал Хакасияға қашан газ келеді екен?», «Қашан соғыс бітеді? Қашан келіссөзге отырасыз?», «Неге 300 мың адам бүкіл Ресей үшін соғысуы керек?», «Қашан сіз аспаннан жерге түсесіз?», деген сұрақтар да экраннан жылт еткен. Бірақ оларға Путин жарап беріп жатқан жоқ.
Ол алдымен елдегі саяси және экономикалық жағдайға қатысты сұраққа жауап бергісі келіп, қазір Ресейде халықтың тұрмысы күн өткен сайын жақсарып жатқанын, инфлияцияның өсуі біржолата тоқтағанын, Орталық банк инфляцияны ауыздықтауға бар күш-жігерін салып отырғанын айтты.
Қазір елде өнеркәсіп өндірісі жақсы жолға қойылып отыр. Ол 3,6 пайызға өсті. Яғни, қайта дамып жатыр. Жалақы да орташа есеппен алғанда жалақы 8 пайызға өсті. Жұмыссыздық 2,9 пайызға түсті. Мұндай жағдай бұрын-соңды болған емес. Соғысқа қарамай дамып жатырмыз, – деді ол.
Осы жерде Путин Украинадағы соғысқа қатысты өз ойын айтты. Ол бұрынғы әдетінше соғысқа Украина мен Батыс елдерін айыптады. Оның айтуынша, соғысты Ресей бастаған жоқ. Ресейді соғысқа итермелеген Батыс елдері. Украина солардың қолшоқпарына айналып, 2014 жылы елде төңкеріс жасаған. Соғыс сол кезде басталған.
Сондықтан, – деді Путин, – Ресей өз мақсат-міндетін толық орындағанда ғана соғыс бітеді.
Баспасөз мәслихатында соғыс туралы әңгіме қозғалғанда мобилизацияға қатысты сұрақ қойылды. Оған Путин бірден әскерге ішінара жұмылдырудың болмайтынын кесіп айтты.
Біздің әскер жақсы соғысып жатыр. Қолда бар мәліметке қарағанда, күн сайын соғысқа келісімшартпен 1 500 адам сұранады екен. Біз жылдың соңына дейін 400 мың адамды соғысқа шақырамыз деп ойлағанбыз ғой. Сөйтсек, әскери комиссариатқа 486 мың адам соғысқысы келтінін айтып келіпті. Сондықтан бізге мобилизацияның керегі жоқ. Қазір оның қажеттілігін көріп тұрған жоқпын. Мобилизациямен соғысқа барған адамдардың арасында 17 Ресей батыры бар. Олардың бәрі соғыс біткен соң, жұмысқа орналастырылады. Менің ойымша, оларды мектепке жұмысқа алу керек. Сол жерде олар балаларға отансүйгіштікті үйретеді. Ал қазір Украинада 617 жауынгер соғысып жатыр, – деді РФ президенті.
Сонымен бірге Путин соғыс туралы әңгімені жалғастырып, Украинаның әлі басып ала алмаған қалаларын Ресейге қосатынын ымдап айтты.
Украинаның шығыс жерлерінде баяғыдан бері ресейшіл халық тұрып келеді. Олар сайлауда да ресейшіл көзқарастағы адамдарға дауыс беріп келген. Ал Одесса дейсіз бе, ол нағыз орыстың қаласы. Оны бәрі біледі, – деді ол.
Путиннің пікірінше, ерте ме кеш пе Батыс елдері Украинаның қолдаудан жалығып, қолдарын бір сілтеп кетеді. Сонда Украина жападан жалғыз қалып, Ресейдің алдына өздері келеді.
Одан кейін Путин Израиль мен ХАМАС тобының арасындағы соғысқ қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, Ресей Палестина автономиясының тәуелсіздігін қолдайды. Палестинаның астанасы Иерусалим қаласының шығыс бөлігі болу керек. Сондықтан екі жақ тез арада келісімге келіп, соғысты тоқтату керек.
Қазір Израиль Газа сеторында бейбіт халықты қырып жатыр. Ресей Украинада ондай іске ешқашан барған емес. Осы жағынан алғанда біз Израильдің саясатын қолдамаймыз, – деді ол.
Кездесуде басқа да тақырыптар бойынша сұрақтар қойылды. Соның ішінде Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан «Вагнер» жеке әскери құрылымның бұрынғы мүшелері әлі күнге дейін айлықтарымен қоса мемлекеттен тиісті көмек ала алмай жатқанын айтты.
Оған Путин: «Қазір Ресейде ешқандай жеке әскери құрылым жоқ. Бізде заң бойынша жеке әскери компаниялар құруға тыйым салынған. Сондықтан мемлекет жеке әскери құрылымдармен келісімшарт жасасқан жоқ», – деп жауап берді.
Жиында Путин Ресейге жаңадан қосылған аумақтар туралы да айтып, (Украинаның шығыс облыстары, – ред) оларды қолдау үшін келесі жылы мемлекеттен 1 трлн рубль бөлінетінін жеткізді. Бұдан кейін де басқа да мәселелерге тоқталып, шама келгенше ресми деректерге қарап, жауап беруге тырысты. Ол Ресейдің егемендігі мен тәуелсіздігі елдің басты идеологиясы болу керектігін айтты.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ