присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Елімізде Accor қонақ үй желісі салынады

26 қаңтар 2024 10:46
Елімізде Accor қонақ үй желісі салынады

Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Францияның Accor қонақ үй тобы мен ALAZAR GROUP ЖШС арасында бірлескен ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойылды.

Құжатқа қол қою рәсіміне туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов, Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұртас Кәріпбаев, Павлодар облысы әкімдігінің өкілі, New East Europe өңіріндегі Accor бас директоры Алексис Деларофф, ALAZAR GROUP ЖШС мен Orient Finance Group ЖШС өкілі Руслан Шаекин қатысты.

Мемлекет басшысы инвестициялық әлеуетті арттыру және туризм саласында кәсіпкерлікті дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау жөнінде шаралар кешенін қабылдау қажеттігін үнемі айтып келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 800 млрд теңгеге жетті. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. 2022 жылы 513 млрд теңге болған. Былтыр орналастыру орындарының саны алғаш рет төрт мыңнан асты.

Елімізде Accor компаниясының қонақ үйлері салынса,  туризм саласын дамытуға зор үлес қосады деп үміттенемін. Әлемге әйгілі халықаралық компаниямен ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу екі жаққа тиімді болады деп ойлаймын, – деді Ермек Маржықпаев.

Accor – әлемнің 110-нан аса елінде сауықтыру орталықтары мен коворкингтер, 5 500 қонақ үй, 10 000 мейрамхана мен барларды біріктіретін әлемдегі жетекші қонақ үй тобы.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру