присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Енді 17 жастағы балаларды әскери есепке қою автоматты түрде жүргізіледі

14 шілде 2023 11:46
Енді 17 жастағы балаларды әскери есепке қою автоматты түрде жүргізіледі

Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап пилоттық жоба аясында 17 жастағы бозбалаларды әскери есепке қою автоматты түрде жүргізіледі.

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомствосының бастамасын премьер-министр, мүдделі мемлекеттік органдар, Астана, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдіктері қолдаған.

Оны іске асыру мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін модификациялау мен ықпалдастырудың арқасында мүмкін болды. Бұл елдегі 16-60 жас аралығындағы азаматтарды әскери есепке алудың толық қамтылып, жүргізілуіне мүмкіндік берді.

Қолданыстағы заңға сәйкес, жыл сайын 17 жасқа толатын ер-азаматтарды тіркеу жүргізіледі. Мұндай процедура әскери қызметке жарамдылық деңгейін анықтай алады.

Осыған байланысты денсаулық сақтау ұйымдары 1 айлықтан бастап, 18 жасқа дейінгі балаларды кейін динамикалық бақылаумен және сауықтырумен профилактикалық медициналық тексерулерді іске асырады. Бұл ретте жалпы практика дәрігерлері бейінді мамандардың қорытындысын және зертханалық-диагностикалық зерттеулерді ескере отырып, 15-18 жас аралығындағы жасөспірімідердің денсаулық жағдайына кешенді бағалау жүргізеді. Мұндай деректер Қорғаныс министрлігімен біріктірілген Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде көрсетіледі.

Жыл сайын 17 жастағы 120 мыңға жуық бозбала әскери есепке алынады. Қызметті автоматтандыру шақыру учаскелеріне тіркеуді ұйымдастыру және жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдарға жыл сайын бөлінетін 1 миллиард теңгеден аса бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал үнемделген қаражат медициналық комиссия мүшелеріне еңбекақы төлеу, шалғайдағы ауылдық округтерден жастарды әскери комиссариаттарға алдыру, кеңсе тауарлары және т.б. қызметтерге жұмсалатын болады.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру