присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Келесі Президент билік ету мерзімін өзгерте алмайды

16 қыркүйек 2022 12:17
Келесі Президент билік ету мерзімін өзгерте алмайды

Келесі президент Конституциядағы президент мерзімі туралы норманы өзгерте алмайды. 16 қыркүйекте журналистердің сұрақтарына жауап берген әділет министрі Қанат Мусин осылай деп мәлімдеді.

"Бүгін Конституцияға президент мерзімін жеті жылға созу және президент бір ғана мерзімге сайлана алады деген нормалар қабылданды. Бұл баптар өзгеріссіз қалады. Яғни, келесі президент те, парламент те бұл нормаларды өзгерте алмайды" деді парламенттің бірлескен отырысынан кейін ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берген Қанат Мусин.

Дегенмен ол Қазақстан заңнамасында Конституцияны өзгертуге байланысты қандай да бір шектеулер жазылмағанын атап өтті.

"Конституцияның өзінде неше рет өзгертуге болады, қашан өзгертуге болады. Мұндай нормалар жоқ. Бұл қоғам дамуына қатысты ғой" деді ол.

16 қыркүйекте парламент Конституцияға енгізілетін бірқатар өзгерістер атап айтқанда, президент мерзімін жеті жылға созуды, Астана атауын қайтаруды және конституциялық сот судьяларының өкілет мерзімін 8 жылға ұлғайтуды мақұлдаған. Құжат енді президентке қол қоюға жіберіледі.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру