присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы әріптестік кеңейе түсетінін мәлімдеді

20 қыркүйек 2022 09:24
Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы әріптестік кеңейе түсетінін мәлімдеді

Іскер топтармен бірқатар екіжақты кездесулер аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Қазақстан-Америка инвестициялық дөңгелек үстелінің жұмысына қатысты.

Іс-шараға Chevron, ExxonMobil, Fluor, Shell USA, The Solar Turbines, S&P Global, Centrus Energy Corporation, Boeing, Amway, GE International Markets, Honeywell UOP, Philip Morris, The Procter & Gamble Company, Baker Hughes, John Deere, Bechtel, Halliburton, Valmont, Champion Foods, PepsiCo, MasterCard, Citi, McLarty Associates, Macro-Advisory LTD, private equity fund RCF, Brownstein Hyatt Farber Schreck, Greenenberg Traurig LLP, Microsoft, Coursera, StartX, EPAM, Wabtec Corporation, Zscaler, DoorDash, Amazon, Pfizer, Medtronic, Netflix секілді ірі америкалық компаниялардың басшылары қатысты.

Президент мұндай форматта өткен кездесу игі дәстүрге айналғанын атап өтіп, осы шараны ұйымдастыруға атсалысқан АҚШ-тың Сауда палатасы мен Іскерлік кеңес мүшелеріне ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы кездесуде Әділетті Қазақстан құруға бағытталған ауқымды саяси және экономикалық реформалардың жүзеге асырылуы жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы жан-жақты мәлімет берді. Атап айтқанда, Президент энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік-логистика, цифрландыру, қаржы және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктеріне тоқталды.

Мемлекет басшысы Қазақстанда америкалық жаңа ірі кәсіпорындардың пайда болуына қолдау білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық экономикалық серіктестік барлық салада әртараптандырылып, кеңейе беретінін атап өтті.

Менің командамның инвестиция тартудағы тәжірибесі мол. Бұл компанияларыңызға аймақтың ең жылдам дамып келе жатқан экономикаларының бірінде бизнес жүргізуді жеңілдетеді. Бүгінгі кездесу сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілетуде, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуда нақты қадам болады деп сенемін, – деді Қазақстан президенті.

Тоқаев АҚШ-тағы жаһандық қаржы институттары басшыларымен бірқатар кездесу өткізді.

Оған қоса Қазақстан президенті Нью-Йорк қаласында шетелде тұратын әрі әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істеп жатқан 400 қазақстандықты біріктіретін Digital Nomads IT қоғамдастығының өкілдерімен кездесті.

Бүгін, 20 қыркүйекте мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы дебатында сөз сөйлейді.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру