Түркістан облысы көш бастады: Ұлттық спорт бойынша аймақтардың рейтингісі шықты
Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы 2023-жылдың қорытындысы бойынша аймақтардың рейтингін жариялады. Биыл ұлттық спортты жанына серік еткендер 11 спорт түрінен сайысқа түсті. Жыл басынан бастап ұлттық спорт түрінен жекелеген ішкі чемпионаттар, кубок бәсекелері, ұлттық спорт фестивалі, халықаралық жарыстар мен әлемдік додалар өтті. Бір жылдың қорытындысы бойынша 17 облыс пен 3 қаланың арасынан Түркістан облысы үздік атанды. Оңтүстік спортшылары биылғы жарыстарда жалпы саны 58 алтын, 52 күміс, 65 қола жүлдемен көш бастады. Оның 13 алтынын түркістандықтар қазақ күресінен еншілеп, рекордтық көрсеткішті тіркеді. Аймақ өкілдері ұлттық спорттың дамуын жүйелі жолға қойған. «Қазіргі таңда Түркістан облысында 7 облыстық, 23 аудандық және 7 қалалық спорт мекемелерінде ұлттық спорт түрлерінен бөлімшелер жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы спорт мектептеріндегі регламенттің сақталуын қадағалап, жаттықтырушылар мен әдіскерлерге оқу-жаттығу сабақтарына әрдайым әдістемелік көмек көрсетеді. 2023 жылы ұлттық спорт түрлерінен жарыс ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, аударыспақтан бұрын 8 салмақ дәрежесінде жарыс өтсе, биылғы жылы 9 салмақ дәрежесінде өтті, сондай-ақ, теңге ілу және жамбы ату спортынан бұрын 3 стиль бойынша 1 ғана спортшы қатысатын, биылғы жылы 3 стильге 3 спортшы қатыса алатын мүмкіндік туды. Қатысушылар саны көбейді. Нәтижесінде спортшыларымыз тамаша өнер көрсетіп, еліміздегі ұлттық спорт түрлерінен ең үздік өңір екенін дәлелдеп, жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленді». Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы осылай пікір білдірді.
ҚР Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының баспасөз қызметінің хабары бойынша биылғы рейтінгте екінші орынды Астана қаласы иеленді. Елордалықтар биылғы жарыстардан 24 алтын, 19 күміс, 28 қола жүлде еншіледі. Әсіресе астаналық дәстүрлі садақ атушылар алдына жан салмады. Ал үздік үштікті Шымкент қаласының спортшылар түйіндеді. Мегаполис намысын қорғаған оғландар биыл 24-алтын,19- күміс, 20-қола жеңіп алған. Бұл аймақта да қазақ күресі жолға қойылған. 24 алтынның 11-і қазақ күресінің балуандарына тиесілі.
Өкінішке қарай, ұлттық спортты әлі де дамытуды қажет ететін аймақтар бар. Әсіресе, Қостанай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының нәтижелері төмен.
«Соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт қарқынды дамып келеді. Оның дәлелі биылдың өзінде біздің спортшылар халықаралық ареналардағы жарыстардан 35 алтын еншіледі. Қазір орталыққа қарайтын 11 спорт түрі бар. Әрқайсысының дамуы жүйелі жолға қойылған. Сонымен қатар оларды заманауи талаптарға сай қылу мақсатында соңғы үлгідегі технологияларды да қосып жатырмыз. Біз жыл сайын ұлттық спорттағы үздік өңірлерді анықтап отырамыз. Өздеріңіз білетіндей бұл жағынан еліміздің оңтүстік аймағы алда тұр. Әсіресе Түркістан облысы өзгелерден көш ілгері. Мұның барлығы аймақтағы спортқа жауапты мамандардың, спорт басқармасының жүйелі жұмысының арқасы. Сонымен қатар, соңғы жылдары елордамыз Астана қаласы қарқынды дамудың жолына түскен. Бұл өңірде асық ату, тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату, құсбегілік және қазақ күресінің өкілдері алда келеді. Дегенмен, ат спортына қатысты мәселелер бар. Бұл алдағы уақыттың еншісінде шешілетін дүние деп есептеймін. Бұйырса барлық нәтиженің қорытындысын келер жылы өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынында көреміз» - дейді ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов.
Ұлттық спорттың биылға жоспарланған шаралары толығымен аяқталды. Енді алдағы жылдың басынан бастап әр спорт түрінен ішкі біріншіліктер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, ұлттық құрама мүшелері халықаралық жарыстарға қатысып ел намысын қорғайды. Ең маңызды додада – келер жылы елордада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ