присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Астана соты Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты ақпарат таратты

21 желтоқсан 2022 11:27
Астана соты Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты ақпарат таратты

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға ұзартылды. Бұл туралы Астана сотының баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылдың 20 желтоқсанында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты белгіленген күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін бір айға ұзартты, - делінген соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Осылайша экс-министр 2023 жылдың 20 қаңтарына дейін қамауда болады.

2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды. Ол бюджет ақшасын жымқырды деген күдікке ілінді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2019 жылдың шілдесінде музей директоры болды. Оған дейін бес жыл мәдениет және спорт министрлігін басқарған

Тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығын сомасы 7 миллиард теңгені құрағанын хабарлады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстан Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мен басқа да тұлғаларға қатысты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері бойынша тергеу жүргізіп жатқаны хабарланды.

Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізіліп жатыр, - делінген хабарламада.

Мұхамедиұлының мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС-ын заңсыз беруге қатысы тексеріліп жатыр.

Айта кетейік, қазанда бірқатар мәдениет және өнер қайраткері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына араша сұрады.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру