Қазақстан Катармен қылмысқа қарсы күрес жөнінде келісімдер жасасты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Катар еліне мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Катар арасында қылмысқа күдікті адамдарды ұстап беру және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімдерге қол қойылды.
Бұл құжаттар халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ қылмыстың трансұлттық түрлеріне қарсы күреске арналған.
Атап айтқанда, қылмысқа күдіктіні ұстап беру туралы келісім тараптарға бір елде қылмыс жасаған және басқа елде жасырынған адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін экстрадициялауға мүмкіндік береді, – деп хабарлады Бас прокуратура.
Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім қылмыс жасаған адамдардың кінәсін дәлелдеу бойынша екі елдің құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылына бағытталған.
Бұған дейін Қазақстан Сауд Арабиясымен, Иорданиямен және Біріккен Араб Әмірліктерімен халықаралық шарттар жасасқан болатын.
Осылайша, Катар Қазақстан Республикасының қылмысқа қарсы іс-қимыл саласында қажетті халықаралық-құқықтық базаны қалыптастырған Парсы шығанағының кезекті мемлекеті болды.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ