присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

15 қаңтар 2024 10:51
Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды.

Бас прокуратура істің сотқа жолданғанын хабарлады.

Бұған дейін Бас прокуратура Самат Әбіштің Қазақстанда екенін, ешқайда кетпеу туралы қолхат алу бұлтартпау шарасы қолданылғанын мәлімдеді.

Арнайы прокурорлар Самат Әбішке қатысты «қаңтар оқиғалары» кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізді.

МӘСІМОВ 18 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру