присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Үкімет жалдамалы пәтердегі жастарға баспананы сатып алуға мүмкіндік берсін – депутат

15 мамыр 2024 14:54
Үкімет жалдамалы пәтердегі жастарға баспананы сатып алуға мүмкіндік берсін – депутат

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Үкімет ірі қалалардағы жалдамалы пәтер алған жастарға баспананы сатып алуға жағдай жасау керектігін айтты.

Жыры бітпеген жастарға берілген жалдамалы пәтер жайында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға да депутаттық сауал жолдағанмын. Ол жауабын жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің бақылауында деп қысқа қайырды. Сондықтан жастардың талап-тілегін нақты шешімдер мен әрекеттер жасайды деген ниетпен қайта жолдап отырмын, - деді Дәулет Мұқаев премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Депутат 2019 жылдан бері Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жалдамалы пәтерге орналасқан жастардың саны 10 мыңға жуықтағанын жеткізді.

2019 жылы баспана алған жастардың оны босатуына да аз уақыт қалды. Бүгінде мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары. Тағы бір қосарым, өткен жылы берілуі керек пәтерлер Алматы қаласының жастарына әлі де берілмеді. Нақты тізім, нәтиже шықпады, - деді ол.

Дәулет Мұқаев жалдамалы пәтер алған жастардың өз баспанасын алуға шамасы жетпегенін ашық айтты. Басты себеп – елдегі қымбатшылық.

«2019 жылдан бері инфляция деңгейі де шарықтап, үй бағасы жылдан-жылға өсті. Осыдан 5 жыл бұрын Қазақстан бойынша пәтердің орташа шаршы метрі 200 мың болса, қазір 400 мыңға жуықтады, яғни 2 есе өсті.

Біріншіден, баспанаға қаржы жинауда қымбатшылық қыспаққа алып, күнкөріс мәселелі алдыңғы орынға шықты.

Екіншіден, елімізде жастарға арналған тиімді мемлекеттік бағдарлама жоқ. Елде тиімді бағдарламаның жоқтығынан жастар баспана алу үшін шетел асып, жұмыс істеуге мәжбүр. Келмей, қалып қойып жатқаны қаншама?! Бұл Қазақстанда дарынды жастардың азаюына ықпал етуде.

Үшіншіден, жалдамалы пәтер алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Ақшасын жинап отырған жастар басқа бағдарламаға қатыса алмаса, қалай баспаналы болмақ?», - деді депутат.

Ол осы мәселеге Үкімет назар аударуы керек деген ұстанымда.

«Жоғарыда аталған факторларды ескеріп, жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасау және кемі 10%-дық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік беру мәселелесін қарастыруды қайта сұраймын. Пайыздық мөлшерлемесі де 5 пайыздан аспауға тиіс. Жалдамалы пәтерде тұру мерзімін де ұзарту керек», - деді депутат.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру