присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Үкіметте Маңғыстау облысын дамыту барысы талқыланды

01 сәуір 2024 17:29
Үкіметте Маңғыстау облысын дамыту барысы талқыланды

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте Маңғыстау облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспарының өзекті мәселелері талқыланды.

Құжаттың едәуір бөлігін өңір халқының 16,8%-ы жұмыспен қамтылып отырған өнеркәсіп саласы қамтып отыр. Бұл – жалпы өңірлік өнімнің 52,8%-ы. Жоспардың үш жылының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының ЖӨӨ 1,3 есе, өнеркәсіп көлемі 1,1 есе өсіп, 14,7 мың оқушы орны ашылып, нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 94%-дан 97%-ға дейін ұлғайды.

Жоспарға Маңғыстау жастарына үздік қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарында, мектеп оқушыларына басқа өңірлердегі мектеп-лицейлерде грант бойынша білім алуға мүмкіндік беретін «Қоғамдық даму» жаңа бөлімі қосылды. 2025 жылға дейін жаңа мектептер, колледждер, балалар лагерьлері, жаңа спорт мекемелері мен басқа да құрылыс салынып, жаңартылады.

2024-2025 жылдарға арналған өзекті кешенді жоспарда өңірдің әлеуметтік дамуына баса назар аударылатын болады. Бұл – мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшалармен 100% қамту, 21 жаңа мектеп салу, шағын қалалар мен ауылдарда 103 мектеп, Бейнеу қаласында жатақханасы бар 600 орындық колледжді жаңғырту, Ақтау мен Жаңаөзенде оқушылар сарайларын, 4 балалар лагерін және жастар ресурстық орталықтарының 3 ғимаратын салу, аутист балаларға арналған оңалту орталығын, Ақтаудағы Yessenov Technopark-ті ашу, Рахат ауылындағы аула клубтарының желісін кеңейту, бұқаралық мәдени, спорттық іс-шараларды ұйымдастыру және ұлттық спорт түрлерін насихаттау үшін қайырымдылық қорларын, ҮЕҰ құру. Адай жылқылары популяциясының генетикалық құрылымын анықтауға ерекше назар аударылып отыр.

Оқушылар үшін «Жарқын болашақ» бағдарламасы бойынша басқа өңірлердің мектеп-лицейлерінде оқу үшін гранттар бөлінетін болады. 2024-2025 жылдың түлектері үшін еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беретін 2 мың нысаналы грант бөлінбек.

Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы аясында ауыл жастарына, оның ішінде Маңғыстау облысының жастарына, магистр дәрежесін алуға жеке санат қарастырылған. Жоғары білім және ғылым министрлігі «Болашақ» бағдарламасы бойынша бакалавриат деңгейінде кадрлар даярлау және батыс өңірлерінің оқытушыларын тағылымдамадан өткізу мәселесін пысықтап жатыр.

Жалпы, кеңесте ұсынылған Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспарын өзектендіру алгоритмі мақұлданды. Серік Жұманғарин оны Маңғыстау өңірі жастарының сапалы білім алуы мен толыққанды тұлға ретінде дамуын қамтамасыз ету үшін қажетті іс-шаралармен, сондай-ақ Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізін дамыту шараларымен толықтыруды тапсырды.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру