присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

242 мың әйел жұмыссыз: Сенатор өңірлерде аналарды қолдау орталығын ашуды ұсынды

23 мамыр 2024 17:48
242 мың әйел жұмыссыз: Сенатор өңірлерде аналарды қолдау орталығын ашуды ұсынды

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп облыс орталықтарында аналарды қолдау орталығын ашуды ұсынды.

Сенатор депутаттық сауалын ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновке жолдады. Депутаттың дерегінше, Қазақстанда жұмыссыз 242 173 әйел бар және бұл алаңдайтын мәселе. 

Сенатор Астана қаласындағы аналарды қолдау орталығында болғанын жеткізді.

Жақында Астанадағы әйелдерге білім, ақпараттық консультация беруге арналған «Бақытты отбасы» орталығында болдық. Орталық 2021 жылы өмірде қиын жағдайға тап болған жалғызбасты, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі және ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсету үшін құрылған, - деді депутат.

Сенат депутатының айтуынша, бүгінде мұнда әртүрлі кәсіп бойынша 20-дан аса курс ұйымдастырылған.

«Мысалы, дизайн, модельдеу, тігін тігу, кестелеу, құрақ құрау, киіз басу, текемет, кілем, алаша тоқу, аспаздық, кондитерлік, бухгалтерлік және компьютерлік дағдыларды үйрету және тағы басқа. Санамаланған дағдылардың әрқайсысы жеке кәсіпке негіз болатын салалар. Бүгінге дейін 2,5 мың әйел осы сала бойынша білім алса, олардың 80%-ы жеке кәсібін ашып, мемлекет тарапынан берілетін гранттарды жеңіп алды», - деді сенатор.

Нұртөре Жүсіп Үкіметтен басқа өңірлерде де аналарды қолдау орталығын ашу мәселесін қарастыруды сұрады.

«Әйгілі Маргарет Тэтчер «Істі талқылағыңыз келсе ер адамға, жүзеге асырғыңыз келсе әйелге барыңыз» деген сөзі бар. Осы сөз қазіргі қазақтың іскер қыздарына қарата айтылғандай көрінеді.

Құрметті премьер-министр, осындай үлгідегі орталықтарды, әсіресе, облыс орталықтарында көптеп ашуға қалай қарайсыз? Үкімет тарапынан арнайы гранттық көмек беруге мүмкіндігіңіз бар ма? Осы үлгідегі орталықтардың өнімдерін нарыққа шығаруға, қорғаныс, медицина, мәдениет салалары бойынша жүйелі тапсырыстар арқылы қалыптастыруға мүмкіндік бола ма?», - деп сөзін түйіндеді депутат.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру