присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Орал қаласының әкіміне қатаң сөгіс жарияланды

27 наурыз 2024 12:58
Орал қаласының әкіміне қатаң сөгіс жарияланды

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев су тасқынының алдын алу бойынша облыстық жедел штабтың отырысын өткізді, деп хабарлады облыстық әкімдік.

Отырыста облысқа қарасты қалалар мен аудан әкімдері су тасқынының алдын алуға  арналған жұмыстарын баяндады. Осы орайда облыс әкімі Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановқа қатаң сөгіс жариялады.

Су тасқынына дайын болмағансыңдар. Қала әкімдігі ғимаратының өзі суға кеткен. Бұның бәрі жауапкершіліктің жоқтығын білдіреді. Кешеден бері қаланы аралап жүрмін. Кейбір шағын аудандарда мен келгенде ғана жұмыс басталып жатты. Орал қаласының әкіміне қатаң сөгіс жариялаймын. Сондай-ақ бірқатар әлеуметтік нысандарға су кірген. Қала мен аудандар күшейтілген режимде жұмыс істеулері керек. Жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстаңдар, – деді облыс әкімі.

БҚО-дағы су тасқынына қатысты мәліметке қарағанда, 26 наурызда сағат 23:30 шамасында қар мен мұздың тез еруінен «Самара-Шымкент» республикалық маңызы бар автожолының 479-шақырымының (Қоскөл ауылы) жол жүру бөлігін су алып кеткен. Оның ауданы 50 метр, ал биіктігі шамамен 10 сантиметр болған.

Бұл жолдың осы учаскесінде жол төсемі деңгейінің төмендеуі анықталып, максималды қуатта жұмыс істейтін құбыр (диаметрі – 4х2,5 м) орнатылды. Қазір еріген қар суының алдын алу мақсатында инертті материалдар толтырылған қаптарды төсеп, белгісі бар бағандар орнатылып жатыр. Көлік қозғалысы шектелген жоқ.

15 адам мен 4 техника жұмылдырылды. Жағалауларға құм қапшықтары (500 дана) төселіп жатыр. Тәулік бойы кезекшілік орнатылды.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру