присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Педагогикалық университет пен ауыл мектептерінің ынтымақтастығы

27 наурыз 2024 17:54
Педагогикалық университет пен ауыл мектептерінің ынтымақтастығы

27 наурыз күні Алматыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Педагогикалық университет пен ауыл мектептерінің ынтымақтастығы: мәселелері мен шешу жолдары» тақырыбында конференция өтті.

«Ауылдық мектеп шамы» жобасының аясында ұйымдастырылған шараға ауыл мұғалімдері мен білім саласы сарапшылары қатысты. Ашылу салтанатында университеттің басқарма төрағасы – ректор Қанай Гүлмира, Алматыдағы ЮНЕСКО Өңірлік өкілдігінің бас маманы Алпысбаева Мейіргүл, TeachersLab директоры Зейнолла Сәуле және Aul.Inspired серіктестік және сыртқы коммуникациялар бөлімінің директоры Исенова Динара сөз сөйледі. Спикерлер ауылдағы білім беру ортасын жақсарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуге шақырып, өзекті мәселелер мен ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Панельдік сессиялар мен постер сессияларында ұстаздар көшбасшылық тұжырымдамасы аясында таңдалған мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ұсынды. Сессиялар барысында ауыл мектептеріндегі оқу-тәрбие үдерісін жақсарту және білім сапасын арттыру бойынша сындарлы шешімдер мен идеялар ұсынылды.

Қонаев қаласы №5 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Тұрсынбибі Қарасартова конференция ұстаздар үшін алға жетелейтін серпіліс болғанын айтты.

«Ең бастысы, конференцияға өз ісіне берілген, тәжірибесімен бөлісуге дайын, әрекет жасауға ұмтылатын нағыз көшбасшылар жиналды. Біздің мектептің жобаға қатысушылары университетпен ынтымақтастық бойынша практикант-студенттерді мектепке іс-тәжірибеден өтуге шақыру, олимпиадаға жүйелі дайындықта көмек көрсету, бірлескен жобаларға қатысу сияқты ұсыныстарын айтты. Кездесуден жаңа идеялар алдық, тәжірибе алмастық, оқушыларды еңбекке үйрету тәрбиесі, оқу, жазу, коммуникациялық сауаттылық сияқты тақырыптар бойынша құнды ақпараттар алдық. Сондай-ақ ағылшын тілін үйрететін жобаға қатысуға ниет білдірдік. Шара кәсіби білімнің дамуына ықпал етті және өзара сыни достық орнады. Жобаға қатысушылар өз мәселелерімен бөліскенде QyzPU оқытушы-ғалымдары қатысып, ұсыныс-пікірлерін айтып отырды, сұрақтарға жауап берді. Бұл кездесудің ұтымды жақтарының бірі болды. Университет ректоры Гүлмира Қанай кездесудің басынан аяғына дейін бізбен бірге болып, тың ұсыныстарын айтқаны мұғалімдерді ынталандырды», – деп атап өтті ұстаз.

Конференция ұстаздардың көшбасшылығы тұжырымдамасы аясында ауылдық жерлердегі балаларға сапалы білім беру және жалпы мәселелерді шешуде педагогикалық жоғары оқу орындары мен ауыл мектептері арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы мен болашағын көрсетті.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру