Президент Түркия ұлттық мәжілісінің төрағасын қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия ұлттық мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмушты қабылдады.
Кездесуде Қазақстан мен Түркияның кеңейтілген стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы парламенттік дипломатияның әлеуетін жоғары бағалайтынын атап өтіп, Түркия ұлттық мәжілісі төрағасының Қазақстанға сапарының мәні зор екеніне назар аударды.
Бүгінгі кездесу Достық және ынтымақтастық туралы келісімнің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр. Мұның символдық мәні бар. Жақында ғана әріптесім Режеп беймен телефон арқылы сөйлестім. Біз үнемі хабарласып отырамыз. Сондықтан екі ел арасындағы диалог өте жақсы дамып келе жатыр. Жалпы, Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Сонымен қатар басты 10 инвестордың қатарына кіреді. Былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі 6 миллиард долларға жетті. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Қарым-қатынасымыздың әлеуеті өте зор. Сондықтан келешекте өзара сауда айналымы 10 миллиард долларға жететініне ешқандай күмәніміз жоқ, – деді президент.
Нуман Куртулмуш атажұртта түрік делегациясына көрсетілген сый-құрмет үшін ризашылығын білдірді.
Қазақстан – біздің атажұртымыз әрі түркі халқына ортақ рухани тұлға Қожа Ахмет Ясауидің отаны. Біз Түркістан қаласына жол жүріп, қасиетті орындарға зиярат етеміз және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университетінде конференция өткіземіз. Қазақстан сіздің басшылығыңызбен дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Еліңізде табысты саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалар жүріп жатыр. Мұның бәрі Қазақстанның өркендеуіне оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығая түсетініне сенімдімін. Екі елдің сауда, технология, өнеркәсіп, логистика, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы әлеуеті зор, – деді Түркия ұлттық мәжілісінің төрағасы
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нуман Куртулмуш екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығын күшейту және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бауырлас елдердің өзара ынтымағын нығайту жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ Түркия елінің басшылығымен алдағы кезеңге жоспарланған жоғары деңгейдегі кездесулер пысықталды.
Кездесу соңында мемлекет басшысы түрік спортшылары мен делегациясы биыл қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсенді қатысатынына сенім білдірді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ