Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерімен кездесу өткізді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерімен кездесу өткізді.
Жиынды ашқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Қазақстанның, сондай-ақ өз атынан барша Иран халқы мен оның басшылығына осы елдің президенті мен Сыртқы істер министрінің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты көңіл айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу жөніндегі ШЫҰ-ның маңызды форматтарының бірі екеніне тоқталды.
Еліндегі ауыр жағдайға қарамастан Иранның, сондай-ақ алдағы уақытта қатарымызға қосылатын Беларусьтің өкілдері Астанадағы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне алғаш рет қатысып отырғанын ерекше атап өткім келеді. Сіздердің елдеріңіз «шанхай рухын» одан әрі күшейтуге және ШЫҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай үлес қосатынына сенімдімін. Қазірдің өзінде біздің ұйымға Еуразия құрлығындағы он мемлекет мүше. Бұл елдерде жершары халқының жартысына жуығы тұрады. Сондай-ақ әлемдік жалпы ішкі өнімнің төрттен бірі және жаһандық сауда-саттықтың 15 пайызы осы мемлекеттерге тиесілі. Қазақстан ШЫҰ-ның төрағасы ретінде ұйымның әлеуетін одан әрі арттыру үшін бар күш-жігерін жұмсайды, – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бастамаларын қолдағаны және бірлескен табысты жұмысы үшін ұйымға мүше мемлекеттерге алғыс айтты.
Президенттің айтуынша, ШЫҰ-ның цифрлық, туристік және энергетикалық салалар бойынша ұйымдастырылған форумдарын қоса алғанда,100-ден астам іс-шара өткен.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің «Киелі орындары» жобасы аясында жүргізілген жұмыстар аяқталып келеді. Біздің бастамамызбен 2024 жыл ШЫҰ-да Экология жылы болып жарияланды. Қазақстан Үкіметі энергетика, көлік және мәдениет салаларында қосымша бірқатар айтулы шараға дайындық жұмыстарын жалғастырып жатыр. Әрине, ШЫҰ-ның алдағы Астана саммитіне баса назар аударамыз. Елдеріміз үшін маңызды осы Форумға толыққанды дайындық жүргізу мақсатында Сыртқы істер министрлері кеңесіне зор жауапкершілік жүктеледі. Маңызды құжаттар тізімін және шешімдер әзірлеу жөніндегі жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Осындай 20-дан астам құжат мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына ұсынылды. Олардың тиімді іске асырылуы ШЫҰ аясындағы жан-жақты серіктестіктің нығаюына елеулі үлес қосарына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ