присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Вандализмге жаза күшейеді: 738 мың теңге айыппұл, 160 сағат қоғамдық жұмыс

22 мамыр 2024 15:51
Вандализмге жаза күшейеді: 738 мың теңге айыппұл, 160 сағат қоғамдық жұмыс

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.

Депутат Марат Башимов заңда медициналық ұйымдардың басшыларына жаңа міндет жүктелетінін жеткізді.

Заң жобасында жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған медициналық ұйымдар мен ұйымдардың лауазымды тұлғаларының жаңа туған нәрестені тастап кету фактісі туралы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу және осындай істерді қарау жөніндегі уәкілетті органның құзыретін айқындау көзделеді, - деді ол.

Депутат адам саудасына қарсы күресте жаңа тәсілдер қажеттігін атап өтті.

Қазір адам саудасының жаңа түрі пайда болды. Мысалы, саудагерлер әлеуметтік желілер арқылы жарнаманы өз мақсаты үшін кедергісіз пайдаланып, әрекет етеді. Сондықтан осындай қылмыстардың алдын алу үшін басқа да нормативтік актілерге өзгерістер енгізіледі. Интернет арқылы жыныстық қызметтерді ұйымдастыруға қылмыстық жауапкершілік енгізіледі, - деді Марат Башимов.

Сонымен қатар заң жобасына Мемлекет басшысының 2024 жылдың 15 наурызындағы Ұлттық құрылтайда вандализм үшін жауапкершілікті қатаңдату және құқықтық тәртіпті күшейту туралы берген тапсырмасын орындау үшін түзетулер енгізілген.

«Депутаттар вандализм әрекеті үшін жазаны қатаңдатуды көздейтін түзетулер енгізді. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 294-бабы («Вандализм») бойынша жаза күшейді. Енді осы қылмыс үшін жауапқа тартылған адам 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін айыппұл (369 200 теңгеден 738 400 теңгеге дейін, 1 АЕК – 3692 теңге) төлеу немесе немесе 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау жазасы қарастырылады. Жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлерді ластағаны үшін айыппұл 2 есе еседі: 10 АЕК-ке (36 920 теңге), қайталанған жағдайда 20 АЕК (73 840 теңге)», - деді депутат.

Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы екінші оқылымда қабылданды.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру