Қазақстанда BilimClass электронды білім беру платформасында техникалық ақау тіркелді. Соның салдарынан мұғалімдер мен ата-аналар жүйеге кіру, оқушылардың бағаларын көру және оқу тапсырмаларын тексеру кезінде қиындықтарға тап болған.
Әлеуметтік желілерде қолданушылар платформа жұмысына қатысты шағымдарын көбейткен. Кейбір мұғалімдердің айтуынша, жүйеден жекелеген тапсырмалар мен оқушылардың бағалары жоғалып кеткен.
Орын алған жағдайға байланысты BilimClass компаниясы ресми мәлімдеме жасап, пайдаланушылардан кешірім сұрады. Қазіргі уақытта мамандар техникалық ақауды жоюмен айналысып жатыр.
Компанияның хабарлауынша, жүйедегі іркілістерге байланысты кейбір қолданушылар қате хабарламалар алуы мүмкін. Сондай-ақ платформаға кіру, бағаларды, сабақ кестесі мен үй тапсырмаларын қарау уақытша қолжетімсіз болуы ықтимал.
«Бүгін платформада техникалық инцидент орын алды. Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Қазіргі уақытта мамандарымыз ақауды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жағдай жіті бақылауымызда. Платформаның қалыпты жұмысын қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатырмыз», – делінген компанияның ресми хабарламасында.
Сонымен қатар компанияның әлеуметтік желідегі парақшасына пікір қалдырған қолданушылар өз аккаунттары мен құпиясөздері де жұмыс істемей қалғанын жазған. Кейбір ата-аналар мен мұғалімдер жүйеге мүлде кіре алмай отырғанын жеткізген.
Әзірге платформаның толыққанды жұмысы қашан қалпына келетіні туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.
USD