Алматы қаласындағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының мамандары туа біткен ауыр патологиясы бар үш айлық сәбиге күрделі ота жасап, оның өмірін сақтап қалды. Дәрігерлер операцияны кеуде қуысын толық ашпай, аз инвазивті торакоскопиялық әдіспен жүргізген.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, нәрестенің ішкі ағзаларының орналасуында күрделі ақау болған. Атап айтқанда, ішектері, көкбауыры және сол жақ бүйрегі кеуде қуысына ығысып, өкпесін қысып тұрған. Соның салдарынан баланың тыныс алуы қиындаған. Бұған қоса, оның сол жақ өкпесі толық дамымаған.
Операция барысында хирургтер кеуде тұсына шағын тілік жасап, ығысқан ағзаларды қайтадан іш қуысына орналастырған. Сондай-ақ диафрагманың зақымданған бөлігін қалпына келтірген. Отадан кейін қысымнан босатылған сол жақ өкпе жазылып, қалыпты жұмыс істей бастаған.
Операцияға аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Марат Қаптағаев та қатысқан. Оның айтуынша, жасы небәрі үш айлық нәрестеге мұндай әдіспен ота жасау хирургтерден жоғары кәсіби шеберлік пен ерекше дәлдікті талап етеді.
Дәрігерлердің үйлесімді жұмысының арқасында күрделі туа біткен ақауды кеуде қуысын кеңінен ашпай-ақ түзетуге мүмкіндік туған.
USD