Батыс Қазақстан облысында сот төрт баланы әкесінің тәрбиесінде қалдыру туралы шешім қабылдады. Сот отырысында балалар анасымен бірге тұрғысы келмейтінін айтып, өгей әкесінің өздерін қорқытқанын жеткізген.
Ата-анасы ажырасқаннан кейін үш бала біраз уақыт әкесімен, ал төртінші бала анасымен тұрған. Алайда 2025 жылы бұрынғы ерлі-зайыптылар медиациялық келісімге келіп, барлық баланың анасымен бірге тұруына уағдаласқан.
Кейін әйел басқа ер адаммен бірге тұру үшін қалаға көшіп кеткен. Сотта анықталғандай, осыдан кейін балалардың тәрбиесі мен күтіміне тиісті көңіл бөлінбеген.
Нәтижесінде балалар әкесінің үйіне оралған. Іс материалдарына сәйкес, анасы кәмелетке толмаған балаларын бірнеше рет қараусыз қалдырған. Осы әрекеті үшін ол әкімшілік жауапкершілікке де тартылған.
Біраз уақыттан соң әйел балаларды қайтадан өзімен бірге алып кетуге әрекет жасаған. Алайда мектеп жасындағы балалар бұған үзілді-кесілді қарсы болған. Психологтың қатысуымен өткен әңгімеде олар әкесімен бірге тұрғысы келетінін айтқан.
Балалардың сөзінше, өгей әкесімен қарым-қатынастары дұрыс қалыптаспаған. Сондай-ақ олар ер адамның өздерін жиі қорқытатынын мәлімдеген. Кәмелетке толмаған балаларға тиісті күтім жасалмағаны туралы мәліметтерді учаскелік полиция инспекторлары да растаған.
Балалардың құқықтары мен мүдделерін ескере отырып, сот төрт баланың да тұрғылықты жерін әкесімен бірге деп белгіледі.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
USD