Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильдамен бірге Ұлттық музейді аралады. Сапар барысында мәртебелі меймандар қазақ халқының бай тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін құнды жәдігерлерді тамашалады.
Ақорданың хабарлауынша, қонақтар музей ғимаратының сәулеттік ерекшеліктерімен танысып, Ұлы даланың тарихи және мәдени мұрасын бейнелейтін экспозицияларды көрді.
Әсіресе, археологиялық қазбалардан табылған бірегей жәдігерлерге арналған Алтын залға ерекше назар аударылды. Мұнда Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адаммен» қатар, Берел, Талды-2, Тақсай және Шілікті қорымдарынан шыққан алтын әшекейлер мен зергерлік бұйымдар қойылған.
Сондай-ақ Бельгия королі мен патшайымы Этнография залын аралап, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрлері және материалдық әрі рухани мәдениеті туралы мәлімет алды.
Музейге бару аясында бельгиялық суретші Джеймс Энсордың шығармалары ұсынылған көрме де таныстырылды.
Сапар соңында король Филипп пен патшайым Матильда Ұлттық музейдің құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
USD