присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Аймағамбетов Павлодардағы «Оқуға құштар мектеп» жобасына көңілі толмағанын айтты

21 маусым 2022 09:39
Аймағамбетов Павлодардағы «Оқуға құштар мектеп» жобасына көңілі толмағанын айтты

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өзі жұмыс сапарымен барған Павлодар облысының кейбір білім беру нысанының дайындық деңгейі мен сапасын сынға алды.

«Жетекші ауылының мектебінде мұғалімдермен әңгімелесіп, оқу бағдарламалары мен жазғы мектептің қорытындысын талқыладық. Сондай-ақ жалақы тақырыбы да назардан тыс қалмады. Мысалы, 12 жылдық тәжірибесі бар информатика пәнінің мұғалімі жалақысы 400 мың теңгеге жуық екенін және бұл ауыл мектебі үшін жақсы табыс екенін айтты. Жалпы мектептің жағдайы қанағаттанарлық, сабақ өткізуге жақсы жағдай жасалғанымен, «Оқуға құштар мектеп» жобасы тиісті деңгейде орындалмаған, сатып алынған әдебиеттер министрліктің ұсыныстарына сай келмейді және балаларға қызықты басылымдар аз», - деп жазды Асхат Аймағамбетов Facebook-парақшасында.

Ол бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуі қажет екенін ескертті.

Министр сонымен қатар, ақпараттық технологиялар колледжінде болып, оқу орнының бұрын қандай болғанын және қазір қандай жағдайға жеткенін салыстыра келе, атқарылған жұмыстар таң қалдыратынын айтты.

«Өңір басшысының ТжКБ-ны және оның ішінде осы колледжді дамыту мәселесіне атсалысып жатқаны қуантады. Былтыр осы колледждің студенті елімізге EuroSkills сайысынан медаль алып келген болатын. Ол «Веб-дизайн» бағыты бойынша сайысқа түсті», - деді министр.

Кемеңгер ауылындағы тағы бір колледж ветеринар дайындығы бағыты бойынша жұмыс істейді. «Жас маман» жобасының арқасында колледждің материалдық-техникалық базасы жақсартылған.

«Колледждің жұмысқа орналастыру, оқу шаруашылығын дамыту және дуалды оқыту бойынша жақсы көрсеткіштерін атап өтуге болады. Білім беру ұйымдарын аралағаннан кейін барлық басшыға тиісті тапсырмалар берілді», - деп жазды ведомство басшысы.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру